Дүниежүзілік көшпенділер ойыны: Қазақ күресінен жарыстар басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Астана төріндегі Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек спорт сарайында Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында қазақ күресінен жарыстар басталды.

Жарыстың алғашқы күні, яғни, бүгін 9 қыркүйекте балуандар 8 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтайды.

Атап айтсақ, ерлер — 55, 60, 66, 74 келіге дейін бозкілемге шықса, әйелдер 48, 52, 56 және 60 келіде бақ сынайды.

күрес
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Айта кетейік, қазақ күресі — Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ең көп қатысушы тіркелген спорт түрлерінің бірі.

Екі күнге созылатын дүбірлі додада 16 салмақ бойынша 41 елден 274 спортшы сынға түсіп жатыр.

Қазақ күресінен жарыстар Qazaqstan телеарнасында тікелей эфирден көрсетіледі.

күрес
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Жарыс әр күні Астана уақытымен 10:00-де басталады. Ал финалдық кездесулер 16:00-ге жоспарланған.

Бүгін ерлер арасында 55 келі салмақта Бекжан Төлепов, 60 келіде Мейіржан Берекетов, 66 келіде Дидар Тұқышев, 74 келі салмақта Жұмажан Қожамбеков ел намысын қорғап жатса, әйелдер арасында 48 келі салмақта Айжан Жылқыбаева, 52 келіде Назерке Азаматова, 56 келіде Рауза Нұрмахамметова, 60 келіде Бақыт Құсақбаева бақ сынап жатыр.

к
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform
күрес
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

kaz.inform.kz