Димаш «Қазақстанның халық артисі» атанды
Сүйінші!
Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында белгілі әнші Димаш Құдайберген де бар.
Биылдан бастап құрметті марапаттар қатарына «Қазақстанның халық жазушысы» және «Қазақстанның халық артисі» атақтары қосылған. Т.Әбдікұлы, С.Елубаев, Б.Нұржекеев, С.Сматаев, А.Аширов және Л.Шашкова «Қазақстанның халық жазушысы» атағын иеленді. «Қазақстанның халық артисі» құрметті атағы еліміздің көрнекті мәдениет қайраткерлері, театр және кино актерлері Д.Ахимовқа, М.Токарев пен Д.Ақмолдаға, опера әншілері Ш.Әбілов пен Т.Күзенбаевқа, атақты әншілер Р.Стамғазиевке, Д.Құдайбергенге және күйші А.Үлкенбаеваға берілді.
Димаш бұған дейін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанған болатын. Сондай-ақ өзі туып-өскен Ақтөбе қаласында облыс әкімінің қолынан «Ақтөбенің 150 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталды. Ол — Ресейдегі «Виктория» музыкалық сыйлығының «Классикалық музыкадағы жылдың вокалисі» номинациясының иегері. Бұл — жылдың соңында Ресейде үздік музыка мамандары, орындаушылар, композиторлар, ақындар, продюсерлер, журналистерге берілетін марапат.
Ақ Орданың хабарлауынша, биылғы мемлекеттік наградаларды тағайындауда қарапайым азаматтарға басымдық берілген. Атап айтқанда, марапатталғандар арасында 298 ұстаз бен денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, 259 ауыл шаруашылығы маманы, 119 еңбек ардагері, өндіріс саласының 88 жұмысшысы бар.
Бұл – қарапайым еңбеккерлердің мәртебесін асыруға, қоғамдағы қадірін арттыруға бағытталған нақты қадам.
Ақтөбе газетінің сайты