Деструктивті діни ағымдар және діни бірегейлік

Аты айтып тұрғандай десструктивті (бүлдіруші) діни ұйымдардың қоғамымызда діни сенім бостандығын желеу етіп дендеп орнығуы бізді алаңдатпай қоймайды. Бір нәрсені құруға, қалпына келтіруге, ұйымдастыруға қарағанда бүлдіре салу әлдеқайда оңай. Жылдап салған ғимаратты бір сәтте құлатуға болады. Сол сияқты бүлдіруші топтар белгілі бір деңгейде аз әрекетпен көп шығын тудыра алады. Сондықтан құлату жағында емес, құру жағында болу маңызды.

Деструктивті діни ағымдардың дүниеге қатысты түсініктері ұқсас келеді. Бұл деструктивті діни ұйымдардың негізін салушылар абсолютті ақиқатты таныған адам ретінде қабылданып, ол ғұлама, данышпан тіпті кейбір ағымдардың сенімінде тірі құдай депте саналады. Діни топтың негізін қалаушы шәкірттеріне (жолын ұстанушылар) белгілі бір «ақиқатты» танытады, барлығының құтылатындығына кепілдік береді, егер оның көрсеткен жолымен жүрген жағдайда ақиқат солардың жағында болатындығына сендіреді.

Олар дәстүр, құндылық, ұлттық мәдениет деген дүниелерді жоққа шығарудан бастайды. Себебі бұл мәселелерді жоққа шығармайынша өздерінің «құндылықтарын» орната алмасы ақиқат. Сондықтан да тарихи құндылықтарды бүлдіру, бұрынғы сенімнен айныту басты мақсат етілетіндіктен десструктивті саналады.

Исламда да қазір жамағат арасына ірткі салыушы ағымдар жоқ емес.Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір хадисінде «Адамдардың ең қайырлысы адамдарға пайдалы болғаны» демей ме, олай болса десструктивті ағымдардан зардап шегушілердің қатары да күн санап көбеюі, шағымданушылардың артуы олардың адам баласына пайда көздемейтіндігін көрсетеді. Әрі Құран Кәрімде : «Ізгілікте, тақуалықта қол ұшын беріңдер, ал күнәлі іс пен дұшпандықта көмектеспеңдер!» (Мәида сүресі, 2 аят) делінеді ғой. Олай болса діннің атымен, құдайдың атымен ел ішіне бүлік салып, отбасын ойрандап, ағайынды бір-біріне қарсы қойып жатқан діни ағымдардың шынайы бейнесін көрсету, одан сақтану әрбір саналы азаматтың міндеті болса керек.

Бүлдіргіш діни ұйымдардың көпшілігі адамды өз қатарынан жәй шығара салмайды, оны қорқытып, алдап — арбап кетірмеуге тырысады. Бірақ сирек болсада есебін тауып шығатындар бар. Діни сектадан шыққан адамға барлық жағдай жасалғанымен, ол өзін әлеумет ішінде еркін сезіне алмайды. Мұндай адамдарда көбіне өзін жоғалтуы, депрессия, шешім қабылдай алмауы, ерік бостандығы мен өз өмірін бақылай алмауы, психологиялық дамудың баяулауы, әзіл-қалжың сезімін жоғалтуы, түрлі психикалық ауруларға шалдығу, ұйқының қашуы және т.б. көптеген мәселелер кездеседі. Тіпті кейбір адамдар қайтадан сектаға барады, біраз уақыттан кейін кері қайтып екі арада дел-сал болады. Мұның барлығы негізінен жастар арасында діни сауаттылықтың қоғамдық қажеттілік талаптарына сай дамымай отырғандығына байланысты деп санаймыз. Құран Кәрімде: «Фитна (араздық) шығару, адам өлтіруден де бетер…» (Бақара сүресі, 191 аят) делінеді. Сонымен бірге Бақара сүресінің 11-аятында: ««Жер бетінде бұзғыншылық жасамаңдар» десе: «Біз тек түзетушілерміз»» делінгендей, бұзғыншылар өздерін бұзғыншымыз деп санамайды, адасып жүрген кейбір бауырларымыз да өздерін тура жолда жүрміз деп санайды. Бұл мәселені одан бетер күрделендіріп жібереді.

Басты мәселе әркімнің әртүрлі мазхабта, әртүрлі сенімде, дінде болуы емес, ең бастысы олардың арасында түсіністіктің болмауы. Тіпті керек болса жауласуға дайын болуы, бір мұсылманның мешітте бір сапта тұрған бауырын адасқан, кәпір деп санауы. Міне бұл біздің діни бірегейлігімізге қағылған ең үлкен сын. Құранда, хадисте діни бауырластыққа, татулыққа шақыратын үндеулер аз емес, дегенмен өзін ғана «тура жолда» санайтындар ол аяттар мен хадистерге құлақ аса бермейді.  Құран Кәрімде: «Мүминдер бір-бірінің бауыры. Олай болса  бауырлардың арасын жарастырыңдар, Алладан қорқып, сақтаныңдар, бәлкім кешірімге ие боларсыңдар» (Хужурат сүресі 49/10) делінеді. Пайғамбарымыз да Меккеден Мәдинаға көшкен кезде Меккелік сахабалар (мухажирлар) мен Мәдиналық сахабалар бір-бірлерін бауыр санап мұсылманшылықтағы бауырластықтың тамаша үлгісін көрсеткен еді. «Мүминдер бір ғимараттың бөлшегі тәрізді бір-бірін бекітіп тұрады, мүминдер бір дененің мүшелері тәрізді бірі ауырса екіншісі көмекке келеді» деген мазмұндағы хадистерді білмейтін мұсылмандар аз. Бірақ, осы аят-хадистерге амал етуде барлығымыз кемшілікке жол беріп жатамыз. Халқымыздың «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» дегені де осы аят хадистермен астасып жатқандай.

Қазіргідей ақпарат ғасырында бізді қоршаған көптеген мәліметтер мен діни көзқарастардың арасынан анығын таңдау, болашақ жастарға, ұрпақтарымызға дұрыс бағдар беру үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Алла Тағалаға әрбір намазда, Фатиха сүресінде: «Бізді адасқандарға қоспа, бізді тура жолға сала гөр! деп дұға жасаймыз. Алла Тағала өзі тура жолға бастасын, дұғаларымыз қабыл болсын! Алла

 

Нұрлан ҚЫРЫҚБАЕВ,

  аудандық мешіттің бас имамы