Дарина алтыннан алқа тақты

Ауданымыздағы спорт саласының қоржыны тағы бір медальмен толықты. Маңғыстауда өткен Азия және Океания елдерінің халықаралық чемпионатында жерлесіміз Дарина Тастаева 50 кг салмақ дәрежесінде алтын алып, жеңіс тұғырынан көрінді.

Ағымдағы жылдың 13-17 мамыр күндері Ақтауда спорттық және жауынгерлік самбодан кадеттер, жасөспірімдер, жастар және шеберлер арасында Азия және Океания чемпионаты өтті. Бұл жарыс Ақтауда алғаш рет өткізіліп отыр. Чемпионаттың ашылу салтанатына аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев, сондай-ақ Халықаралық самбо федерациясының президенті Аламжон Муллаев қатысып, сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

— Мұндай жарыстар неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы. Тәжірибе көптік етпейді — әрбір жаңа жарыс алдыңғы жарыстағы тәжірибені ой елегінен өткізуге итермелейді. Ақтаулықтар мен облыс басшылығына чемпионатты жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс айтамын. Әрбір спортшыға сәттілік тілеймін, — деді Халықаралық самбо федерациясының президенті Аламжон Муллаев.

Маңғыстауға 25 елден 500-ге жуық спортшы келіп, бақ сынады. Бес күн бойы спортшылар салмақ дәрежелері бойынша боз кілемде белдесті.

Нәтижесінде дүбірлі доданың бірінші күнінде жасөспірім қыздар арасында Бадамша балалар жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Дарина Тастаева 50 кг салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанып, алтыннан алқа тақты. Спортшымыздың жетістігі ауданымыздың мерейі.

Жұлдыз КЕНЖЕ

 

ТегтерСпорт