ДАЛА КҮНІ — АГРОӨНДІРІС ӘЛЕУЕТІНІҢ АЙҒАҒЫ

Біздің аудан үшін ауыл шаруашылығы – экономикамыздың тірегі саналады. Соңғы жылдары дәнді-дақыл, көкөніс, мал, құс және балық шаруашылығы бағыттары қарқынды дамып, өңір экономикасына серпін беріп келеді. Бүгінде аудан аумағында 1200-ге жуық шаруа қожалығы табысты еңбек етіп, аймақ көлемінде негізгі астық жеткізушілердің қатарынан көрініп отыр. Оның ішінде 200-ден астам кәсіпкер егіншілікпен айналысады. Бұл — ауданымыздың аграрлық саладағы жоғары көрсеткіштерінің айғағы.
Осыған орай, өткен аптада өңірімізде «Qargaly Agro Fest – 2025» атты дәстүрлі дала күні кең ауқымда ұйымдастырылды.
Ауыл шаруашылығы саласындағы жаңашылдықтар мен жетістіктерді насихаттауға арналған іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жүсібалиев, аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, сондай-ақ ауыл шаруашылығы бөлімдерінің өкілдері мен облыс және аудан қонақтары қатысты.
Мерекелік форматта өткен бұл жиында өңірдегі үздік ауыл шаруашылығы мамандары бас қосып, тәжірибе алмасып, заманауи техника мен аграрлық саладағы соңғы ғылыми жетістіктермен танысты.
Шара Шәмші Қалдаяқов ауылындағы «Сәт» шаруа қожалығының картоп алқабында ұйымдастырылған «Qargaly Agro Fest – 2025» мамандандырылған көрмесінен бастау алды. Бұл жерде диқандарға дрон арқылы егіс алқаптарын өңдеу мүмкіндіктері таныстырылып, шетелдік озық техника үлгілері ұсынылды. Жаңа буын тракторлар мен егін егуге арналған көпфункционалды қондырғылар көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов сөз сөйлеп, диқандарға сәттілік тілеп, облыс басшылығы тарапынан ауыл еңбеккерлерін қолдауға бағытталған бірқатар шаралар атқарылып жатқанын жеткізді.
– Биыл «Кең дала» бағдарламасы аясында облыстағы 70-тен астам шаруа қожалығына егіс жұмыстарын жүргізу үшін 5 пайыздық жеңілдетілген несие берілді. Бұл – агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бағытталған кешенді жұмыстың бір бөлігі ғана, – деді облыс әкімінің орынбасары Ғ. Елеуов.
Дала күні аясындағы екінші бағыт Велихов ауылындағы «ДиЛэнд» ЖШС-нің егіс алқабында жалғасын тауып, қатысушылар жер өңдеудің инновациялық тәсілдерін көру мүмкіндігіне ие болды. Сала мамандары мен ғалымдар өсімдік шаруашылығына қатысты зерттеулермен бөлісіп, тәжірибелік бағыттағы пікірталас алаңын ұйымдастырды.
Аудан әкімінің орынбасары Бекзат Бадаковтың айтуынша, биыл Қарғалы ауданында жалпы көлемі 150 мың гектар жерге егін егілген. Оның 110 мың гектары – дәнді дақылдар, 12 мың гектары – майлы дақылдар, 25 мың гектары – мал азығына арналған егістік, 1400 гектары – картоп, ал 500 гектарға көкөніс-бақша дақылдары егілген.
– Қазіргі уақытта егістіктер вегетациялық кезеңде. Жазғы жауын-шашын жұмысты сәл тежегенімен, бекітілген кестеге сәйкес суару шаралары жоспарлы түрде жүргізілуде, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Дала күні аясында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі мен ұлттық тағамдар көрмесі де жұртшылықтың көңілінен шықты. Сондай-ақ, концерттік бағдарлама көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
«Qargaly Agro Fest – 2025» іс-шарасы — агроөнеркәсіп өкілдерінің басын қосқан, озық тәжірибе мен заманауи шешімдер таныстырылған, ауыл еңбеккерлерін ынталандырып, ынтымақтастықты нығайтқан маңызды алаңға айналды.
Тілек БЕГАЙДАРОВ




