Бюрократиядан арылу – біздің ортақ мақсатымыз!

Бәріміз күнделікті өмірде мемлекеттік мекемелерден немесе ұйымдардан қандай да бір қажетті құжаттар алуға жүгіне отырып, түрлі себепсіз әуре-сарсаңға, қағазбастылыққа, өзге мекемелерге қайта жолдау мен сұрау салулар секілді түсініксіз талаптарды кездестіреміз немесе естиміз.

Осы орайда, Мемлекет басшысымен 2022 жылдың 13 сәуірінде қабылданған №872 Жарлығы мемлекеттік аппараттағы бюрократия мен жемқорлық көріністеріне ымырасыз күресуге бағытталған үлкен саяси ерік-жігерді көрсетеді.

Ешкімге құпия емес, мемлекеттік қызметтегі ең үлкен кемшіліктер қатарына мемлекеттік аппарат жүйесіндегі қалыптасқан бюрократиялық, яғни артық және қажет етпейтін әкімшілік іс-әрекеттер, жауапкершіліктің төмендігі секілді көріністер жатады және олар қабылданатын бастамашылдық жұмыстарының іске асырылуына тежеуіштік себепкер болып табылады.

Сондықтан, аталған Жарлық қызмет тұтынушылар үшін сервис сапалығын жақсартуға жетелейді.

Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту шарасын тиімді өткізу мақсатында барлық азаматтар арасында мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасы бойынша, оның ішінде бюрократиялық мәселелер бойынша жыл сайынғы онлайн-сауалнама өткізілуде. Бұл қызмет көрсету барысында бюрократиялық механизмдегі жасырын іс-әрекеттерді анықтаудағы нәтижелі құрал екендігін атап өту қажет.

Аталған шаралар, барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жұмылдырылған күш-жігерін қажет ететін жұмыс.

Әрине, аталған қадам Жаңа Қазақстанды қалыптастырудың маңызды бөлігі деп атауға болады, себебі бюрократиядан толыққанды арылған жағдайда, қоғам алдында мемлекеттік органдардың имиджі артатын болады.

Қазіргі таңда, мемлекеттік аппаратта бюрократиядан арылту бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде.

Атап айтқанда, осы жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментімен мемлекеттік-жекешелік әріптестік, өрт сөндіру және өнеркәсіптік қауіпсіздік салаларында, оның ішінде мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерінде кездесетін құқықтық олқылықтарды, сәйкессіздіктерді, түсініксіздікті және т.б. көріністерді анықтау бағытында мониторинг жұмыстары жүргізіліп, аталған тақырыптар бойынша тиісті мекемелермен ұсынылған бюрократиялық проблемалық мәселелер мен оларды шешу жайлы 16 кейстер әзірленді.

Әлбетте, енгізілген барлық ұсыныстар өзектілігі жағынан жан-жақты зерделеніп, қорытынды анықтама дайындалып, орталық аппараттың салалық министрліктеріне тиісті шаралар қабылдау үшін жолданылатын болады.

Жалпы, қазіргі уақытта жылдам және тез әрекет ету қажет, себебі бүгінгі күннің басты талабы қалыпты жұмыстарды тоқтатпай, жаңашылдықты жылдам енгізу.

Сондықтан, Әділді Қазақстанның іргетасы саяси және экономикалық реформалардың үйлесімді байланысы негізінде қалануы қажет, өйткені бұл мақсат халқымыздың тұрмыс тіршілігін арттыруға жетелейді.

Сөз соңында, Ақтөбе облысының барлық тұрғындары қоғам өкілі ретінде өз ой-пікірі мен ұсыныстарын енгізе алатындығын жеткізгім келеді, себебі бюрократиядан арылу – біздің ортақ мақсатымыз!

 

Жаныбек Бостандықұлы ОРМХАНОВ,

         Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Ақтөбе облысы бойынша департаментінің мемлекеттік көрсетілетін

қызметтер басқармасының бас маманы