Бүлдіршіндердің тілін тапқан тәрбиеші
Еліміздің еңбекпен көркейетінін ескерсек, қоғамдағы еңбек адамының орны орасан зор. Оның ішінде білімнің дәнін себелеп, жемісіне қуанатын адам жанының бағбаны ұстаздар қауымы екені хақ. Біз де бүгін кішкентай бүлдіршіндердің жүрегінен орын алып, бақытын еңбектен тапқан ұлағатты ұстаз жайлы айтпақшымыз.
Ұрпақ тәрбиесі — отбасынан бастау алады деп жатамыз. Ғылымға негізделген әдіс-тәсілмен берілетін тәлім-тәрбие ісі көбіне балабақшадан басталып, тәрбие мен білімнің алғаш дәні мектепке дейінгі тәрбиеде беріледі.
Біздің сөз еткелі отырған кейіпкеріміз мектепке дейінгі бала тәрбиесі мамандығын меңгеріп, 43 жыл ұстаздық жолын бүлдіршіндер тәрбиесімен жалғастырған тәрбиеші-ұстаз.
Сауле Байдавлетова 1963 жылы 31 мамырда Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Қызылқайың ауылында дүниеге келген. Отбасындағы 7 баланың бірі. Әкесі Хабдош Темірханов Ұлы Отан соғысының ардагері. Отбасындағы және бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі зор. Сондықтан да, ол балаларына ең бастысы адамгершілік пен сыйластық ұғымын бойларына сіңірте білген мейірімді әке. 1973 жылы әкелері дүниеден өтеді.
Сауле 1978 жылы Қызылқайың мектебінің негізгі сыныбын бітіріп, өзінің сол кезден арман болған мамандығына түсуге бет алады. Осылайша, Ақтөбе қаласындағы педагогикалық училищесінің «Мектепке дейінгі мекеме тәрбиешісі» факультетін 1982 жылы бітіріп шығады. Сөйтіп, өзі туып-өскен ауылына оралып, жас маман атанып, Қызылқайың негізгі мектебінен алғаш ұстаздық еңбек жолын бастайды. 1983 жылы қараша айында дәм-тұздары жарасқан Марат Байдавлетовпен қол ұстасқан қос ұстаз (кезіндегі Ленин ауданы) Қарғалы ауданының шеткі ауылы Романқұл ауылындағы Первомай мектебінде мұғалімдік қызметін бастап, мектеп жабылғанша сол жерде еңбек етеді. Шағын мектептің бастауыш сыныптарына сабақ бере жүріп, меңгерушілік жұмысты да абыроймен атқарады.
Еліміз тәуелсіздік алып мемлекеттік тіліміз ана тіліне көңіл бөле бастаған 1991 жылдары аталмыш мектепте де қазақ тілі кеңінен қолданысқа еніп, сол кезде ол қазақ тілінен сабақ берген ұстаздардың бірі. Жасыратыны жоқ сол кезіндегі шаруасы шалқыған іргелі ауылдар ыдырай бастағанда, яғни 2015 жылы Романқұл ауылының да тұрғындары әр жаққа қоныс аударып, мектеп те жабылып тынады.
Отбасымен аудан орталығына қоныс аударған Сауле Хабдошқызы Бадамша ауылындағы «Балапан» балабақшасына әдіскер және меңгерушілік міндетін қоса атқарады. Әу бастан бүлдіршіндер тәрбиесіне машықтанған маман осы мекемеде зейнет жасына шыққанша абройлы еңбек етіп, талай бүлдіршінді мектепке дайындап, жас мамандарды қанаттандырады.
Өзі де еңбекпен қатар бүгінгі жаңа дәуірдің жаңа талабын ескеріп 2017-2021 жылдар аралығында Мәскеу инженерлік-педагогикалық университетін бітіріп, жоғарғы білім алады. Осы балабақшадан 2024 жылдың 31 мамырында зейнеткерлік демалысқа шығады.
Бүлдіршіндер үнін сағынған кәнігі маман үйде бос қарап отыра алмай, өзімнен кейінгілерге ақылым мен пайдам тиер деген ниетте Бадамша ауылында бой көтерген «Balaga Adiletti Gyzmet» ЖШС-нің «Димаш» атты жеке балабақшасына әдіскерлік қызметке шақырту алады. Өз ісінің маманы зейнетке шықтым демей, бүгінде 43-ші жылғы тәрбиешілік жолын жалғастыруда.
Өз сөзінде бүлдіршіндердің күлкісі мен олардың алған білімі және де ата-аналардың көңілінен шығып, шынайы ризашылғын алу мен үшін ең құнды құрмет деген еді. Тәжірибелі маманның ұзақ жылдар бойғы еңбегі елеусіз емес. Оның еңбек жолында қол жеткізген жетістіктері де баршылық. 2023 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым және білім министрінің Құрмет грамотасымен марапатталғаны білім саласына сіңірген ақ адал еңбегінің айғағындай.
Сондай-ақ, ол балабақшада білікті тәрбиеші болса, отбасында аяулы жар, ардақты ана, сүйікті әже. Жолдасы Марат екеуінің отбасында 2 ұл мен 1 қызы бар. Балалары да жоғары білімді мамандар. Қазіргі таңда балаларынан 7 немере сүйіп, ата мен әже бақытына кенеліп отыр.
Ұлы ақынымыз М.Жұмабаев «Мен дәрігерден гөрі тәрбиешілердің көп болғанын қалаймын, себебі дәрігер денеңді сауықтырса, тәрбиеші өне бойыңды сауықтырады» деген екен. Олай болса, мектепке дейінгі тәрбие саласы қызметкерлерінің еңбегі ерен екені даусыз. Бүгінгі кейіпкеріміздің де еңбек жолы бала жанын тереңнен сезініп, өз ісін жан-жақты біліп, бүлдіршіндерді жан-тәнімен сүйе алатын білікті де тәжірибелі тәрбиеші екендігін ұқтырғандай.
Бақыт ИМАШЕВ