АПВ-ҒА ҚАРСЫ ЕКПЕ САЛУ БАСТАЛДЫ

Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысына 20 ақпан №102 қаулысымен өзгеріс енгізілді. Бұнда Қазақстан Республикасының Профилактикалық екпе егу Ұлттық Күнтізбесіне адам папилломасы вирусы туғызатын ауруға қарсы 11 жасар қыз балаларға  жүргізілетіні енгізілген еді. Елімізде жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы – адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы қыздарды жалпы вакциналау басталды.

Осы орайда біз де аудандық санитариялық – эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Айнагүл Бержановадан екпенің маңыздылығы   жайында әңгімелескен  едік.

-Ең алдымен  адам папилломасы вирусы деген не?

Жалпы АПВ дегеніміз – әлемде өте кеңінен етек жайған шырышты қабаттар мен теріге әсер ететін вирустар тобының терминологиялық атауы. Аталмыш вирустың 190-нан астам түрі белгілі. Олардың кем дегенде 13-і қатерлі ісік ауруларына әкеп соғады.

-Қауіпті вирустың алдын алу үшін бұл екпенің маңыздылығы неде?

— Иә, адам папилломасы вирусын жұқтыру әсерінен жатыр мойын обыры мен вульва және көмей мен ауыз қуысының қатерлі ісігін тудыру мүмкіндігі жоғары. Ең қиыны дәрігерлер бұл аурулардың емі жоқ екенін айтып дабыл қағуда. Сондықтан да одан құтылудың жалғыз жолы – вакцинация. Сол себепті жұқпалы аурулардың алдын алу үшін ағзаны иммундау шешімі қабылданды. Осыған орай Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеулеріне сүйене отырып, 11-13 жастағы қыз балаларға екпе салу арқылы аталған аурулардан қорғау жұмыстары жүйеленді. АПВ-ға қарсы вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігіне кепіл болатын денсаулық сақтау минстрлігі әлемдік стандарттарға жүгінді.

-Олай болса осы АПВ-ға қарсы ауданымызда қандай жұмыстар атқарылуда?

— Денсаулық сақтау министрлігінің 17 қыркүйектегі қаулысына сәйкес аталған жастағы қыз балаларға екпе салу жұмысы бізде де басталып кетті. Жалпы аудан бойынша 11 жаста 126 қыз бала болса, 12-13 жастағы 194 қыз балаға екпе салу жоспарлануда. Қазіргі таңда, вакцинацияның алғашқы кезеңінде 29 қыз бала екпе алып үлгерді. Бұл екпе иыққа, бұлшық етке салынады. Бастысы барлық екпе ата-аналардың рұқсатымен ғана жүзеге асуда. Тағы бір айта кететін жайт кез келген вакцинация, соның ішінде АПВ екпесі ақпараттандырылған келісімді алғаннан кейін ғана жасалады. Қай кезде де адам өміріндегі ең маңызды құндылық – денсаулық. Әрбір адам өз денсаулығы үшін жауапты және денсаулығының мықты болу жолдарын қарастыру керек.

Әңгімелескен Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА