Бүлдіршіндер бақ сынады  

Әнші балапан — халықаралық өнерлі балалар фестивалі алғаш 1990 жылдың 6  мамырынан ұйымдастырылып және сол күні Қазақ теледидарынан тікелей эфирге шығып, күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді.

Осы орайда өткен аптада аудандық мәдениет үйінде Ақтөбе облысының 155 жылдығына арналған “Әнші балапан — 2024” облыстық балалар шығармашылығы байқауының аудандық іріктеу кезеңі өтті.

Дарынды балаларды анықтау, өнерге баулу, сахнаға үйрету мақсатында ұйымдастырылған байқауға аудан орталығы мен ауылдық округтерден 7-9 жас ( кіші топ), 10-12 жас (орта топ) аралығында 13 өнерпаз қатысты.

Жас таланттылардың тұсауын кескен байқауға Ақтөбе облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Қайрат Болысбек, облысымызға танымал әнші Есет Әлімжан және де аудандық мәдениет үйінің директоры Шапағат Аманжол төрелік етті.

Осылайша, байқау нәтижесі бойынша Бас жүлдені  Антонина Струцкая еншілесе, жүлделі 1 орынды Икрам Танабергенов иеленіп, екеуі де облыстық кезеңге жолдама алды.

Ал жүлделі ІІ орынды Арина Пышная мен Асан  Аңсаған бөліссе, Богдан Новиков пен Айзере Дүйсенбайдың өнерлері ІІІ орынға лайық деп бағаланды. Қалған қатысушы барлық жас өнерпаздар Алғыс хаттармен марапатталды.

Тілек БЕГАЙДАРОВ