Біз ұстанған діни жол!
Бүгін біз қандай діни жолды ұстандық және ұстануымыз керек деген тақырыпта сөз өрбітпекпіз. Ислам мәдениетінің қазақ халқының салт-санасын қалыптастырудағы орны ерекше. Ол ұлтымыздың бітім-болмысы мен мәдениетіне өшпес із қалдырған. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде сақталған баланы сүндетке отырғызу, неке қию, Құрбан және Ораза айт, жарапазан, садақа, бата беру, емдеу түрлері, тасаттық жасау т.б. көптеген діни жоралғылар бар. Сондай-ақ елдің игілігіне қызмет еткен мешіт-медреселер де ұлт руханиятының асыл қазынасы ретінде тарихымыздан ойып тұрып орын алғаны белгілі.
Еліміздегі дін саласындағы көптеген күрделі мәселелердің бірі азаматтардың діни ұстанымдары мен түсініктерінің әртүрлі бағытта және деңгейде қалыптасуы. Бұның себебі, еліміз аумағындағы таралып отырған діни көзқарастардың әртүрлі болуы. Жалпылама мәліметтер бойынша әлемде 200-ге жуық діни бағыттар бар. Олар, мазмұнына, діни дәстүрлері мен ұстанымдарының түрлеріне, діни институттарының күрделілігі және күнделікті өмірді реттеу деңгейіне байланысты ажыратылады. Сондықтан дінге және діни көзқарастарға сенетін адамдар арасында сенім дәрежесіне қарай әртүрлі деңгейлерге бөлінеді.
Қазірде елімізде тек ислам діні тұрғысынан бірнеше көзқарас қайшылықтарын байқауға болады. Олар: біріншіден, халықтың салт-дәстүріне түсіністікпен қарайтын сунниттік исламның ханафиттік бағыты. Бұл сан ғасырлар халықтың мәдениеті мен салтына сіңген, сонымен қатар діни қажеттіліктерін де қамтамасыз ете білген сунниттік исламдағы төрт мазхабтың (бағыттың) бірі. Жалпы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы аталмыш бағыттың таралуы мен ұстанымына көңіл бөліп осы бағытта жұмыстар атқарады. Тіпті қазір «діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңының перамбуласында да осы бағыттың тарихи басымдығы туралы айтылып, бекітілген.
Екінші бір көзқарас діни құндылықтар мен тарихи тұлғалардың сенімдерін негізге алып, біз исламдағы ханафиттік көзқарас соның ішінде сопылық ілімі болуымыз керек дейтіндер. Көбінесе халықтың дүниетанымы мен тарихына қайшы келмейтін аталмыш ұстаным қазіргі өркениеттік өмірде жүзеге асуы барынша қиын, тіпті мүмкін болмайтын мәселе. Олай болатыны, сопылық ілімнің ерекшелігі әрбір жеке діндардың құдаймен арадағы байланысты күшейту жолында қажет болса дүниеден, отбасынан, дүниелік мақсаттардан бас тарта білуі. Бұл заманымызда мүмкін бола қоймайтын жағдай.
Үшінші көзқарас тәуелсіздіктен кейінгі діни жаңғыру барысында араб ислам елдері тарапынан келген өкілдер арқылы және сол мемлекеттерге барып оқыған, білім алған азаматтар тарапынан ұстанылып, елге келген соң «ең таза» діни көзқарас ретінде таратылған, еліміздегі көптеген діни-әлеуметтік қайшылықтарға түрткі болып жүрген ағымдар мен көзқарастар. Бұлардың ішіндегі ең ауқымдысы болып табылатын, араб еліндегі діндарлар тарапынан қолдау тауып отырған «сәләфиттік» көзқарас. Бұл көзқарас өкілдері де діни ілімі де, қай жағынан біз ұстанатын исламмен қайшылыққа түсетіндігін де жалпы халық білмегендіктен, көптеген мәселе туындауда.
Сондықтан да қазақ мұсылманшылығы мен дәстүрлі діндарлық мәселесіне терең тоқталған дұрыс. 12 ғасырдан астам уақыт ата-балаларымыз ұстанып келе жатқан исламның ерекшелігі қандай. Біз үшін діндарлық түсінігі қалай түсіндіріледі деген мәселеге тоқталсақ.
Тілеуке Құлекеұлы (Шал ақын):
«Жігіттер, ғибадат қыл маған нансаң,
Намаз оқы, Алланы ойыңа алсаң.
Қырық жыл қашқан ажалдан Қорқыт та өлген,
Түбінде сөз менікі өлмей қалсаң» дейді. Иә, Абай хакім айтқандай: «Әрбір ақылды адамға иман парыз, әрбір иманды адамға ғибадат парыз» ғой. Сондықтан Қазақ ағартушылары діндегі құлшылық мәселесіне бей-жай қарамаған. Әрбір тірі жан өлімнің дәмін татпағын қасиетті Құран баяндайды. Олай болса Алла Тағала: «Адамдар мен жындарды өзіне құлшылық ету үшін жаратқандықтан» Алланың алдында құлшылық жасау әрбір мұсылманның басты міндеті.
Қорыта айтсақ, дін мен дәстүр тәрбие жолы, рухани азығымыз. Рухани құндылықтар негізі рухани санада қалыптасады, ол тарихта сақталып, сабақтасып отырады. Ата-бабамыздан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дін мен дәстүр сабақтастығын қадірлеп, құрметпен қарау біздің міндетіміз, әрі азаматтық борышымыз. Қазақ халқының дін ғұламаларының шығармаларындағы діни бірегейлік ғасырлар бойы халықты діни-сенімдік алауыздықтан сақтап келгендігіне дау жоқ. Олай болса, болашақта да халқымыз үшін, дін үшін, ең басты құндылық діни бірегейлік, бабалар ұстанған діни жолды жаңғырту және өскелең ұрпақ арасында молынан дәріптеуде екендігін әрбір руханият саласының өкілдері білсе игі болар!
Нұрлан ҚЫРЫҚБАЕВ,
аудандық мешіттің бас имамы.