БЕЙНЕТТІҢ ЗЕЙНЕТІН КӨРУ  БІР БАҚЫТ

Бұл қос мал дәрігерлері де ауданның өркендеуіне өз үлестерін қосып, қол ұстасып, өмір белестерінен өткен жандар.

Ел азаматы Оразғали Наржанұлы көршілес Ресей еліне қарасты Орынбор қаласының төл перезенті. Мереке алдында кейіпкерімізбен хабарласып, еңбек жолы жайында әңгімелескен едік.

-Оразғали  Наржанұлы, келе жатырған мерекеңіз құтты болсын. Бүгін өзіңізбен  тілдесудің сәті түсіп тұр. Сіз басқа елде өсіп-өніп, оқып- тоқысаңыз да дәм жазып, еліңізге оралып ауданның дамуына айтарлықтай үлес қосқан мамансыз. Олай болса, сол еңбек жолыңыз бен көрген-білген, көңілге түйген сәттеріңізбен бөліссеңіз?

-Иә, «Тура биде туған жоқ» демекші, жоғары жаққа жаға бермейтінім де рас болар. Біздікі көпті көргенімізбен ақыл айтып, елге пайдамыз тисе дейміз ғой. Жаңа айтып өткеніңіздей, мен өзге елде өстім, білім алдым. Дәм бұйыртып, оң-солымды білген тұста, елге оралдым.

Мен Ресей елінің Орынбор облысы, Октябрь ауданы Уранбаш ауылында 1950 жылдың сәуір айында дүниеге келдім. Әкем Наржан мен анам Ақтажықтың отбасындағы 11 баланың екіншісімін. Әкем сол Уранбаш кеңшарында ұзақ жыл мал шаруашылығында еңбек етіп, үздік еңбегі үшін аудандық, облыстық марапаттармен және де бірнеше рет Кеңестік дәуірдің озаттарға беретін төс белгісіне, «Құрмет белгісі» медалына ие болдым. Менің осы мал дәрігері мамандығын таңдауыма, әкемнің көмекшісі бола жүріп, ауылдағы жұмыстарға жастай араласып, оның ішінде малға жақын болғанымның әсері болса керек.

Анам алтын құрсақты «Батыр ана» орденімен марапатталған ардақты жан. Сол кездегі қиындыққа қарамай, ата-анам қарапайым шаруа отбасы болса да барын салып оқытып, бәріміздің жоғары білімді маман болуымызға ықпал етті. Біз экономист, қаржыгер, мұғалім, ауыл шаруашылығы саласы  мамандығын игеріп, еліміздің әр өңірінде еңбек етіп келеміз.

Мен мектеп бітіргеннен кейін Хабаровскіде 2 жыл әскери борышымды өтеп келдім. 1971 жылы Орынбор қаласындағы ауыл шаруашылығы институтының «ветеринария» факультетіне оқуға түсіп, оны үздік бітіріп, алғашқы еңбек жолына бет алдым.

Осылайша, Қазақстанға жолдама бұйырып, кезіндегі (Ленин ауданы) қазіргі Қарғалы ауданы Чапаев ұжымшарына бас мал дәрігері болып жұмысқа кірісіп кеттім. Ұжымшарға ылғи білекті сыбанған, құйындай ұшып тұрған жас мамандар жиылдық. Қазақта «Досыңды көрсет, сенің кім екеніңді айтамын» дегендей, еңбек жолын бірге бастаған жас мамандар бүгінгі таңда өз еңбегімен елге танылған тұлғаға айналып отыр. Солардың ішінде Аманғос Төлеуов, Сарсенбай Жумағалиев, Қуаныш Ахметкереев сынды менің үзеңгілес әріптестерімді мақтанышпен айта аламын. Сондай-ақ, осындай азаматтармен жастықтың жалынын, еңбектің бастауын бірге бастағаныма ризамын.

Тағы бір айта кететін жайт, кейінгі жастар білер-білмес, ол кезде Ленин ауданы кен өндіруден әлемге танымал, ал мал мен егін өсіруде Ақтөбе облысындағы бірнеше ұлттың басын қосып, шаруасы шалқыған  аудан болатын.

Сонымен қатар, ол кезде біз тегеурінді Коммунистік партияның таңдау нұсқауымен еңбек еттік. Қал-қадірімізше еліміздің дамуына өзіндік үлес қостық. 1979 жылы партияның нұсқауымен «Авангард» ұжымшарына партия ұйымының хатшысы, ауылдық кеңестің депутаттығына сайландым.

1982    жылы өз мамандығыма бет бұрып, аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне бас мал дәрігер әрі ветеринариялық стансаның меңгерушісі  болып қызмет атқардым. Аудан көлемінде біраз жұмыстар атқарылды. Бертін келе ұжымшарларда банкрот басталып, қазіргі Желтау ауылдық округіне қарасты «40 лет Целинный» ұжымшары бонкроттыққа дайындалғанда атқарушы директор қызметін атқарған қиын кезеңнен де өттік. Ол кез ауыл адамдары үшін өте ауыр болып, ірі шаруашылықтар ыдырап, мал шығындарды өтеуге жұмсалып, жер бөліске түскен еді. Сол кезде халықтың бабын табу да қиын болды. Қайсысына шабарымызды білмей, шаршаған күндер артта қалып, қазір зейнет жасқа жеткенімізге шүкіршілік айтамыз. Өйткені, осы жасқа жете алмай кеткендер қаншама?

2003-2023 жыл аралығында «Степной» ЖШС-нің директоры Аманғос Төлеуовтің жетекшілігімен Бородиновка (қазіргі Қайрақты) ауылындағы «Қайрақты»  ЖШС-де директор болып еңбек етіп, осы ұжымнан 2013 жылы зейнет жасына жеттім.

Зайыбым Қантай Кушербайқызы осы аталмыш ауылдың  қызы. Ол мал дәрігері, ветеринариялық стансада лаборант, аудандық зертханада серолог дәрігер, аз уақыт зертхана меңгерушісі болып еңбек етті. Қазір жасы келсе де сиыр сауып, май, қаймағын шайқап, бау-бақшаны жайнатып отыр. Балаларым да жоғары білімді, білікті мамандар.Үлкен қызым теміржол саласының маманы, кіші қызым экономист, ал ұлдың үлкені заңгер, кішісі энергетик болып еңбек етуде. Қантай екеуміз ұл-қызымыздан немере сүйіп, олардың қуанышына кенеліп отырған бақытты ата мен әжеміз.

Ұзақ жылдардағы еңбектің елеуі де жоқ емес. Аудан, облыс әкімдерінің және де ауыл шаруашылығы бөлімдерінің Алғыс хаттарымен, ІІ, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төс белгілерімен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері», «Құрметті ардагер»  медалдарымен марапатталдым.

Сөз соңында айтарым, жастығыңда білім алып, талмай еңбек етіп, үлкейгенде сол еңбегіңнің жемісін көріп, яғни бейнетіңнің зейнетін көру үлкен бақыт. Десе де, қазірдің өзінде қоғамдық жұмыстардан қалыспаймын. Өткеннің жақсы жағын жастарға айта жүру үлкендердің жазылмаған міндеті деп білемін.

-Әңгімеңізге рахмет!

Бақыт ИМАШЕВ,

ауданның «Құрметті азаматы»