Бар жақсылық — балаларға

Халықаралық балаларды қорғау күні жыл сайын 1маусым күні аталып өтіледі. Бұл күн кішкентай бүлдіршіндердің асыға күтетін ерекше  мерекесі. Осы орайда аталмыш мереке ауданымызда жылдағы дәстүрге сай орталық саябақта сән-салтанатымен өтті. 

Ең сәулелі мейрам күні саябақ бүлдіршіндерге толы болды. Әр шаңырақтың мәні мен сәніне айналған балапандарды аудан әкімі Асқар Жүсібалиев құттықтап, жүрек жарды лебізін жолдап, жыл бойы әртүрлі деңгейдегі білім, спорт, өнер сайыстарында белсенділік танытып, аудан намысын биік еткен бүлдіршіндерді марапаттап, алғыс хаттар табыс етті.

Одан соң балапандардың кіршіксіз көңіліне қуаныш сыйлаған шара «Бақытты бала-бақытты ел» атты мерекелік бағдарламамен жалғасты. Сахнаны «Домбырашылар ансамблі» ашып, аудандық өнер мектебінің бүлдіршіндері ән-жыр, билерден шашу шашып, сән үлгісін көрсетіп, асфальтқа, тақтаға сурет салу сынды көптеген байқаулар ұйымдастырды. Шара барысында оқушылардың қолынан шыққан қол өнер туындылары сурет көрмесіне қойылды.

         Сонымен қатар, аудандық кітапхана ұжымы «Балаларға базарлық» атты кітаптар көрмесін, ал тарихи-өлкетану музейі түрлі құстар көрмесін ұйымдастырды. Үлкен-кішісі көрмелерді қызықтап, естелік суреттерге түсіп жатты.

Аудандық балалар жасөспірімдер спорт мектебі әртүрлі спорттық сайыстар өткізді. Спортқа жаны құмар балалар футбол, баскетбол, асық ату, арқан тартыс, т.б. ұлттық ойындарынан  өзара сынға түсті.

Осылайша, спорттық ойындар мен байқауларға  белсене қатысқан балаларға тәттілер таратылып, ұйымдастырушылар тарапынан мақтау қағаздары мен естелік сыйлықтар тарту етілді.

Сондай-ақ, бұл мереке қарсаңында «Мың жүрек» қайырымдылық қоры, «AMANAT» партиясының аудандық филиалы, аудандық іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен балалар шығармашылығына байланысты сурет салудан байқау өткізілген еді. Белсенділік пен қызығушылық танытқан шараға ауданымыздан 80 бүлдіршін қатысты. Қатысушылар арасындағы ең кішкентайлары небәрі 4-5 жаста. Нәтижесінде арнайы құрылған комиссияның шешімімен үздіктер анықталып, мереке күні марапатталды. Байқау жеңімпаздары мен барша қатысушыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтарды қайырымдылық қордың құрылтайшысы Асан Балгазин мен «AMANAT» партиясының  Қарғалы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Надежда Заглядова табыс етті. Айта кететіні, бұл байқауға аудандық кәсіпкерлер демеушілік етті.

Оған қоса бұл күні айтулы мерекеге орай жергілікті кәсіпкерлер ауылшаруашылық жәрмеңкесін өткізді.

Мереке иелеріне арналған шара қызықты өтті. Ең бастысы кішкентай жүрек иелері саябақта қызықты тапсырмаларды орындап, түрлі кейіпкерлер сомдаған театрландырылған көріністерді тамашалап ерекше көңіл күйге бөленді.

            Қазақ «Үлкеннің мыңына бергенше, баланың біріне бер» дейді. Себебі, бала бергеніңді бағалап, жасаған жақсылығыңды ешқашан ұмытпайды. Ендеше, балғын бүлдіршіндеріміздің шынайы күлкісі үшін ұйымдастырылған шара өз деңгейінде өтті.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА