Балалы үй — базар
Батыс елдеріне қарағанда шығыс елінде көп балалы отбасылары баршылық. Соның ішінде Қазақстанда көп балалы болуға құлшынатындар жетерлік десек те болады. Әсіресе, күні-түні еңбекпен жүретін ауыл тұрғындары елімізде халық санын көбейтуге қосып жүрген үлесі мол.
Солардың бірі Желтау ауылдық округіне қарасты қарапайым отбасының тірегі, көп балалы әке — Ғайнадин Таңатқановты тілге тиек етпекпіз.
Біздің әңгімемізге арқау болғалы отырған көпбалалы әке Шалқар өңірінің тумасы. Дәм айдап 2002 жылы Желтау ауылдық округінің Петропавл ауылына қоныс аударған.
Көп балалы отбасының тірегі Ғайнадин Асқарұлы 1971 жылы қаңтар айында Шалқар ауданының Мөңкеби ауылында әкесі Асқар мен анасы Марзияның шаңырағында дүниеге келген. Ата-анасы сол кездегі сұрапыл соғыстың ызғарын сезіп өсіп, екеуі де еліміздің тәуелсіздігінің дәмін татып өмірден өткен жандар. Ғайнадин өзіне 6 ұрпақ сыйлап, көп балалы әке атандырған, адал жары Айгүл Үбінияқызымен 28 жыл жарасымды тірлік кешіп келе жатқан қарапайым отбасы. Өзі жеке қожалықта тракторшы болып қызмет етсе, зайыбы Петропавл орта мектебінде техникалық қызметкер болып жұмыс жасайды. Ең үлкен қызы 1996 жылы туған отбасылы, екі баланың анасы. Одан кейінгі қызы Алматы қаласында сұлулық салонында қызмет етеді. 2002 жылы дүниеге келген қос қызы сол ауылдық клубта хореография өнерімен айналысса, ұлдары мектеп оқушылары. Бүгінгі күні 54 жасқа аяқ басқан көп балалы әке екі жиенінің сүйікті атасы. Заманында көп балалы әке атанамын деп те ойламаған болар.
Лайым да көп балалы анаға үйренген халықтың көп балалы әкені де ардақтауы қандай жарасымды. Мереке жалғасын тауып, елімізде көп балалы әкелер саны көбейе берсін демекпін!
Бақыт ИМАШЕВ