Балалар мен жасөспірімдер арасында сколиоздың алдын алу
Бүгінгі таңда мектеп жасындағы балалар арасында сколиоз өте кең таралған ауру. Сколиоз- омыртқаның патологиялық қисаюы. Балаларда дене тұлғасының бұзылуы қарқынды өсу кезеңінде жиі қалыптасады.
Балалардың дене тұлғасының дұрыстығын гигиеналық негіздеуде оқу тәрбие мекемелерін қажетті жиһаздармен қамтамасыз ету және оны тиімді пайдалану өсіп келе жатқан балалардың денсаулығын сақтауда маңызы өте зор.
Қарғалы ауданы бойынша 2023 жылдың қорытындысы негізінде жалпы білім беретін мектеп оқушыларын медициналық бақылаудан өту кезінде барлығы 5 патология анықталды (2022ж.- 11 жағдай). Атап айтсақ, оның ішінде бастауыш сынып оқушыларында- 1, орта буын 5-9 сынып балаларында- 3, жоғарғы сынып балаларында- 1.
Ал, облыс бойынша сколиозға шалдыққан оқушылар саны 1000-нан астам екендігін ескеретін болсақ бұның қазіргі таңда өте өзекті мәселе екендігін түсінуімізге болады.
Дене тұлғасының жүре пайда болған бұзылуының ең көп тараған себептері:
* Үстелде дененің ұзақ уақыт бойы дұрыс емес орналасуы;
* Жұмыс орнындағы үстел мен орындық биіктігінің адамның бойына қатысты дұрыс емес қатынасы;
* Физикалық белсенділіктің жеткіліксіздігінен бір қалыпта ұзақ уақытқа арқаға күш түсу;
* Мойын, арқа жарақаттары;
* Кейбір жұқпалы аурулар;
* Жамбас буындары дисплазиясы;
Балалар мен жасөспірімдер арасында сколиоздың алдын алу:
* Сүйектердің дамуы үшін баланың денесіне Д витамині түсу қажет, осыған сәйкес жыл мезгіліне қарамастан бала таза ауада жиі болуы керек;
*Жиһаз баланың жасына және бойына сәйкес таңдалуы керек;
*Сөмкені иықта асып жүру- сколиоздың пайда болуының кепілі. Мектеп үшін балаға екі жұмсақ белдігі бар сөмке болуы керек;
*Дене шынықтырумен айналысу, баланың қозғалыс белсенділігін мақұлдау қажет.
Одан басқа, сіздің балаңыздың қалай отырғанына назар аударыңыз. Егер ол әдеттен тыс қалыпта отырса, ыңғайсыздыққа, арқаның шаршауына шағымданса, еңкейсе, онда бұл дереу дәрігерге қаралуға себеп болады. Осындай белгілер болған жағдайда баланы ортопедке көрсету керек, тексеріп және емдеуді бастауыңыз қажет және ата-аналар баланың денсаулығы сіздің қолыңызда екенін есте ұстауларыңыз қажет!
Айнагүл БЕРЖАНОВА,
аудандық санитариялық — эпидемиологиялық бақылау
басқармасының басшысы