БАДАМШАЛЫҚТАР БІРЛІКТІ ДӘРІПТЕДІ

Әр сенбі сайын думанға толы мәдени кештермен өрнектелген «Ауылдар күні» байқауы өз мәресіне жетті. Аудан көлемінде бастау алған игі бастаманың қорытынды шарасын Бадамша ауылдық округі түйіндеді.

                         Кеш барысында ең алдымен Бадамша ауылдық округінің әкімі Ернар Дабилдин ауыл тұрғындарын Конституцияның 30 жылдығымен құттықтап, елімізге ынтымақ пен береке бірлік тіледі. Одан соң республикалық деңгейде жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене атсалысқан азаматтарға алғыс білідіріп, өлкеміздің тазалық жұмыстарына қодау білдірген жандарға естелік сыйлықтарын табыс етті.

Сондай-ақ, бұл мәдени кеште шаңырақ көтергеніне 50 жыл толған алтын той иелеріҚадірәлі-Нұрсын Қалиевтер мен Владимир-Наталья Зброялар отбасыларына құрмет көрсетіліп, естелік сыйлықтар ұсынылды. Оған қоса кеш барысында белсенділік танытқан тұрғандарға да сый-сияпаттар  үлестірілді.

                                             Кештің сәнін кіргізген концерттік бағдарламада ән мен күй әуелеп, мың бұрала би билеп, сиқыршы өнерпаз көпшіліктің көңілін көтерді. Ұлттық ойындар — арқан тарту, асық ату, гір көтеруден спорттық жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар қошеметке бөленді.

Бұл күні балалар үшін де түрлі ойын алаңдары мен қызықты байқаулар өткізіліліп, кішкентайлар да мәре-сәре болды.

Сонымен бірге ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп, тұрғындар табиғи өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алды.

Тағы бір айта кетерлігі кеш барысында ыстық тағамдар, кішкентай бүлдіршіндерге арналған тәттілер мен балмұздақтар тегін таратылды.

Бұл мереке ауыл тұрғындарының ауызбіршілігін арттырып қана қоймай, ұлттық дәстүрлер мен мәдени құндылықтарды дәріптеуге жол ашты. Думанды кештің соңы әсем отшашумен түйінделді.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА

 

ТегтерАуыл күні