БАДАМШАДА АМАЛ МЕРЕКЕСІ ТОЙЛАНДЫ
Кейбір тарихи мәліметтерге қарасақ, қазақ Амал мерекесін, яғни, Көрісу күні 1918 жылдан бастап ресми түрде тойлапты. Бұл мерекенің ерекшелігі тек бір күнмен шектелмей, ол наурыздың 14-інен басталып, айдың соңына дейін жалғаса берген.
Өткен аптада көктемнің әсерлі мерекесі Көрісу күні еліміздің түкпір-түкпірінде тойланып, құшақтасып, көрісіп, амандық сұрасқан күн болды. Бадамша ауылының жұртшылығы да қазақы киімдерін киіп алып, аудандық мәдениет үйіне қарай ағылды. Мұндағы «Көрісу күні — татулықтың мерекесі» атты шараға ауыл қарттары, жастары көп жиналды. Аудандық мәдениет үйінде ұлттық бұйымдар көрмесі ұйымдастырылып, кимешек киген әжелер мен ақ жаулықты аналар ұмытыла бастаған кәсіптік өнерлерді көрсетіп, ақ дастарқаннан дәм ұсынды. Мәдениет үйінің өнерпаздарының қазақы салт-дәстүрдің құндылығын жеткізе білген театрландырған көрінісі көрермен көңілінен шықты.
Көрмеге қойылған бұйымдарды тамашалап, мерекелік дастарқанға қойылған ұлттық тағамдардан дәм татып, көпшілікпен бірге болған аудан әкімі Асқар Жүсібалиев аудан тұрғындарын Көрісу күнімен құттықтап, ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді.
— Еліміз үшін бүгін ерекше күн! Бұл күн тек көктеммен бірге келер тіршілікті оятып қана қоймай, қыстан аман шыққан халық ағайынның амандығын біліп қауышады. Сонымен қатар пендешілікке салынып, араздасқандардың татуластыратын бітімшілік күні десек те болады. Ендеше ауылдастар тату-тәтті бір тірлікте болайық. Қадірлі ағайын, Көрісу күні құтты болсын, еліміз аман, жұртымыз тыныш, табысты жыл болсын! — деген аудан әкімінің тілегіне ауылдастары да қошемет білдірді.
Салтанатты шара аудан өнерпаздарының мерекелік бағдарламасына ұласып, бұл күні әсем әндер шырқалып, күмбірлеген күй төгілді, би де биленді. Ақсақалдар ақ батасын беріп, ақ жаулық тартқандар шашу шашып тарасты.
Бадамшада өткен мерекелік іс-шара ауданның ауыл-аймақтарында да жалғасын тауып, аудан әкімінен бастап ауыл азаматтары қазыналы қарты бар отбасыларға арнайы барып, сәлем беріп, мерекелік сый-сыяпаттарын таратып, үлкендердің алғысын алды.
Бақыт Имашев.