АЗАМАТТАРҒА ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

Өткен аптада «AMANAT» партиясының Қарғалы аудандық филиалының ғимаратында «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында азаматтардың өмірлік маңызды мәселелерін шешу мақсатында  адвокаттар мен заңгерлер, нотариус пен медиаторлар ауыл тұрғындарына  құқықтық көмек көрсетті.

«Құқықтық көмек» партиялық жобасының негізгі мақсаты – көпбалалы отбасыларға, аз қамтылған жандарға, сондай-ақ алимент өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау мәселелері бойынша жүгінген азаматтарға білікті заң көмегін көрсету, сотқа дейінгі іс жүргізуден бастап, сот шешіміне дейін өтініш білдірген азаматтардың мүддесін қорғау. Ең бастысы заңгер кеңесіне мұқтаж әрбір адамға тегін көмек көрсетілді.

Қабылдау  жүргізуге «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Надежда Заглядова,  Сапарбек Аманжолов- аудандық мәслихаттың төрағасы, Ермек Махамбетов — аудандық соттың  төрағасы, Айдос Әбіләкім –аудан прокуроры, Ерлан Айтпаев – нотариус,  Асан Балғазин — аудандық мәслихат депутаты және де Марат Есет- аудандық полиция бөлім бастығының орынбасары  қатысты.

Партиялық жоба аясында өткізілген қоғамдық қабылдауға 6 адам жазылды. Азаматтар  алимент өндіріп алу мен үй мәселелері  бойынша заң көмегін  алды.

Осы орайда аудан тұрғыны 23 жылдан бері өз пәтерін жекешелендіре алмай жүрген мәселесімен заң мамандарына жолығып, оң шешім табуына көмек сұрады. Бұл мәселеге қатысты  аудандық соттың төрағасы Ермек Махамбетов пәтерді сот арқылы жекешелендіруге қол ұшын беретіндігін айтты.

-Ұзақ жылдардан бері шешімі табылмай жүрген мәселемнің «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында қолдау табатындығына өте қуаныштымын.  Мен мұндай қабылдаулар халық үшін өте тиімді де оңтайлы іс деп ойлаймын,-деген пікірін білдірді ауыл тұрғыны Мереке Бегентаева.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА.