АЗАМАТТАРДЫҢ ЖЕКЕ ДЕРЕКТЕРІ ҚОРҒАЛАДЫ


Алдымен Гүлқасима Сүйінтаева референдумға қатысудың мән-мағынасын түсіндірді. Ол жаңа Конституция жобасы ел дамуын айқындайтын басты құжат екенін айтты.

— Тұрғындар саяси науқаннан тысқары қалмауға тиіс. Бұл — еліміздің болашағына қатысты тарихи таңдау. Сондықтан 15 наурызда өтетін референдумға саналы түрде қатысу маңызды, — деді ол.
Ал «Ақтөбе Медиа» директоры Раукен Отыншин Конституция жобасындағы жеке өмірге қолсұғылмаушылық, қаржылық деректердің қорғалуы секілді мәселелердің заң жүзінде бекітілуі азаматтардың құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін баса айтты.

— Жаңа Конституция жобасының негізгі ерекшелігі — адам құқығына басымдық берілуінде. Атап айтқанда, адамның құқығы мен бостандықтары жаңа Преамбулада ғана емес, сонымен бірге толықтай Конституцияның маңызды басымдықтары мен мәндік тірегіне айналды. Сіздер — Тәуелсіз елдің ұрпағысыздар. Біздің болашағымыз берік болуы үшін ең алдымен қандай құндылықты сақтауымыз керек? Ол — адамның ар-намысы мен қадір-қасиеті. Әр адамның құрметке лайықтығы, оның жеке пікіріне, сеніміне, таңдауына сыйластықпен қарау, қорлауға, кемсітуге, мазақ етуге жол бермеу. Бүгінгі жас — ертеңгі ел тірегі. Егер біз әр адамның намысы мен қадірін қорғай білсек, онда Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз. Адамның намысы — оның ішкі рухы. Қадір-қасиеті тапталған қоғамда әділет болмайды. Құрмет жоғалған жерде — бірлік әлсірейді. Біз еліміздің дамуы үшін жаңа Конституцияны бірауыздан қолдаймыз, — деді ол.

Кездесу барысында колледж білім алушылары шара қонақтарына сұрағын қойып, маңызды құжат туралы ойымен бөлісті. Өз кезегінде заң саласының ардагері Абдухат Мырзалин Ата Заңның ерекшелігі жайлы жастарды құлағдар етті.

— Жаңа Конституция жобасында тұрғын үйге қол сұғуға болмайтыны айтылған. Яғни сот шешімінсіз ешкімді тұрғын үйінен айыра алмайды. Сондай-ақ жобаның басты басымдықтарының бірі — азаматтардың құқығы мен бостандықтарын қорғауды күшейту, заң үстемдігін қамтамасыз ету және әділетті қоғам құру. Елдігімізді айқындайтын құжатта жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және азаматтық қоғам институттарының рөлін күшейту мәселелеріне де мән берілген, — деді заңгер.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.
aqtobegazeti.kz




