Ауызашар беріп, сауапқа кенелді  

Айлардың сұлтаны – Рамазан айында ауызашар беру үлкен сауапты іс саналады. Жолда кетіп бара жатып, кез келген аузы берік адамға бір дана құрма немесе сумен болса да ауызашар беру – сауапқа кенелетін жақсы амал.

Алла тағаланың ерекше ықыласы түскен, шарапаты мол, ізгі ниетті іске сауабы көп Рамазанда, сондай-ақ, түндердің төресі болған, мың айдан қайырлы, періштелер жерге түсіп, жер бетінде береке орнайтын Қадір түні қарсаңында ауданымыздағы Іскер әйелдер қауымдастығы ауыз бекіткен жұртшылыққа ауызашар берді.

Ауызашар дастарханын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сабыржан Бисенов құранмен ашып, өзінің дұға-тілектерін білдірді. Одан соң аудандық қаржы бөлімінің басшысы Асыланбек Ұлықпанов сөз алып, жүрек жарды лебізін айтты. Сондай-ақ, ауызашарға жиналған барша жамағат қасиетті айдағы Қадір түнімен тұспа-тұс келген сауапты істе өздерінің алғыстарын білдіріп, ұстаған оразалары мен  жасаған құлшылықтарының, оқыған дұға-тілектерінің қабыл болуын тіледі.

Жиылған жұртышылық ақ дастархан басында қасиетті айдың маңыздылығы жайында сыр шертіп және де еліміздегі орын алып жатырған табиғи апаттардың оңынан шешілуіне дұға етті.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім бұл айда аузы берік бір адамға ауыз­ашар берсе күнәлары кешіріле­ді. Сол аузы берік адамның сауабындай сауап оған да беріледі» дегенде сахабалардың кейбірі аузы берік бір адамға да ауызашар беретіндей жағдайы жоқ екендіктерін айтты. Оларға Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Бір дана құрмамен де ауызашар бергенге де, тек сумен ғана оразасын аш­тырғанға да, кішкене сүт берген­ге де осы сауап жазылады» деген. Міне, осындай мол сауапқа ке­нелуді қалайтындар қасиетті айда ауыз­ашар ұйымдастырып, игілікті іс істеуде.

Осындай сауаптан құр қалдырмаған, сонымен қатар, әркез ауданымыздағы игі істердің басы-қасында жүретін аудандық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Надежда Заглядова мен  ұйым мүшелеріне барша жиылған жұртшылық өздерінің ризашылықтарын білдірді.

 

«Он бір айым бір төбе, бұл бір айым бір төбе» дегендей, қасиетті айдың да аяқталуына  санаулы күндер қалды. Отыз күн бойы астан тиылып, денсаулыққа пайдасын тигізіп, рухани жан дүниені байытқан киелі айда жасалған құлшылықтар мен сауапты істер қабыл болғай!

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА