Ауғанстаннан оралған сарбаз

Ерлік ескірмейді дегенді еске алсақ, Ауғанстан жерінде болған азаматтарымызды жыл  өткен сайын іздестіріп, кім бар, кім жоқты анықтап отыру қалыпты жағдай.

Сынаптай сырғып уақыт өтсе де, расында олардың ерліктері мәңгі жадымызда. Оларға тағзым етіп, еске алу болашақ ұрпақтың еншісіндегі игілікті іс. Міне, осы орайда  биыл да сол үрдісті жалғастырып, біздің өңірімізден ауған жерінде интернационалдық міндетін  орындауға қатысып, елге аман-есен оралған жерлестеріміз жайында сөз етпекшіміз.

Солардың бірі – Мирғали Қуанышбаев. Степнойлық жерлесіміз,  қазіргі таңда Ақтөбе қаласында тұрады. Кейіпкерімізбен телефон арқылы тілдескен едік. Ол өзінің  сол бір жылдардағы сұрапыл соғыстағы естелігімен бөлісті. Әңгімесінің басын арнайы іздеп, ескергенімізге өзінің ризашылығын білдірумен бастады.

-Мен қазіргі уақытта Ақтөбе қаласында тұрамын. Жұбайым екеуміз 4 бала тәрбиелеп, өсіріп келеміз. Сондай-ақ, өзім осы қаладағы Қ.Жұбанов атындағы университетінде күзетші болып жұмыс жасаймын. Ал зайыбым жеке қожалықта жұмыс жасайды.

Туып-өскен жерге келетін болсақ, кезіндегі Ленин ауданы, қазіргі  Қарғалы ауылында  қарапайым жұмысшы  Қабылша мен  Раушанның отбасында 1964 жылы қараша айының 10 жұлдызында дүниеге келгенмін. Отбасымда 6 баламыз. Кейіннен отбасымыз Степной ауылына қоныс аударып, мен осы ауылдағы Сазды орта мектебін бітірдім. Одан соң Әлімбет ауылындағы кәсіптік техникалық учелищенің механизаторлар даярлау бөліміне оқуға түстім. Оны бітірген бойда 1983 жылы мамыр айында әскери борышымды өтеуге аттандым. Ашхабад қаласындағы 108/23 әскери бөлімшесіндегі сержанттар дайындау бөлімінде оқып, сол жылы кіші сержант шенін алып шықтым.

Осылайша, сол жылдың 26 қазанында Ауған жеріне интернационалдық борышымызды өтеуге   елден кете бардық. Осы елдің Герат провинциясында өмірімізге азық болар жыл жарымдық ауыр күндер бастан өтті. Ертеде бір аталарымыз айтқандай, қайсысын айтайын «Көз көргенді ме, құлақ естігенді ме?» дегендей,- бұл сәтті еске алудың өзі  өте ауыр. Мен сол аз ғана уақытта көргеніміздің бір бөлігін ғана сөз етейін. Шындығында, сол сұрапыл кез әлі  еске түсіп, түске енсе, маза кетеді.

Біз кеңес одағының батыры 38 жасар полковник  Владимир Неверов  басқарған 51931-әскери бөліміндегі гвардиялық 101-мотоатқыштар полкінің қатарында болдық.

Онда кеңес елінің әр түкпірінен келген ұлт өкілдерімен бірге интернационалдық борышымды өтеп, бірінші танкке қарсы СКГ гранатасы взвод отрядының командирі болып, жауларға қарсы  операцияларына қатыстық. Соның  ішінде Өзбекстанның  Ферғана облысы Қоқан қаласында орналасқан әскери жаттығу кезінде таныс болған қаруласым Александр  Ветерук дұшмандардың жасырған минасына тап болып, Ташкент қаласындағы госпитальда қаза тапты. Ол өте досқа адал, ақжарқын жігіт болатын. Кейін берген  мекен-жайы бойынша анасы Анна Яковлевнамен хабарласып, елге қайтарда шақырдым. Ол кісі де 1989 жылы Степнойда тұрғанда қонақ болып, арнайы келіп, ризашылығын білдіріп қайтты.

Айта берсек қызығынан гөрі қиындығы көп, салмағы мен зардабы ауыр  жағдайлар болды. Бұл соғыстың аяқталғанына 35 жыл  өтсе де, жан жарасы мәңгі жадымызда. Десе де, бұл кез енді ешқашан қайталанбасын деп тілеймін. Ұрпағымыз соғыс азабын көрмей, біздің көңілімізге қаяу салып, ел тыныштығында аңырап қалған кездер енді ел басына тумасын деп тәубе етемін.

 Бақыт ИМАШЕВ