Отқа оранған ауыр жылдар

Осыдан 35 жыл бұрын, 1989 жылдың 15 ақпанында, геосаяси кордонға айналған Ауғанстаннан 10 жыл соғысудан көз ашпаған КСРО әскері шығарылды. КСРО қарулы күштерінің Ауған жеріне басып кіріп, оның ішкі істеріне қол сұғуы салдарынан туындаған соғыстың ақиқаты енді айтылып жатыр. Сол кездегі  қыршын жастар үшін белгісіз соғыс 1979 жылдың 27 желтоқсан айында басталып, 1989 жылдың  15 ақпан айына дейін жалғасты. Қаншама азабы болса,  сонша соғыс ызғары кейінгілерге өмірдің қасіретті сабағы болып қала бермек.

Тарих бетіне өзінің қанды ізін қалдырған  жұмбақ соғыс кейін айшықталып, тарих көші жылжыған сайын өткен ұрпақтың өнегелі тағдырына терең үңіліп, зерделеп ол туралы жаңаша ой түйіп, құрмет көрсету, келер ұрпаққа үлгі ету көрегенді елге тән қасиет.

Талай боздақтың жалындаған жас жанын қиған, жан жарасына айналған мағынасыз, жарияланбаған соғыстың қасіреті бүгінгі күнге дейін ел есінде. Өңірдей өрен шағында қолдарына қару алып, жат жерде өздерінің әскери-интернационалдық борышын абыроймен өтеді. Батыр халықтың ұрпақтары екендігін білдіріп, жанкештілікпен шайқасты.

Кезінде КСРО еліне қараған елдер осы бір азалы соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетіп келеді. Жылма-жыл Ауған соғысына қатысқан сарбаздарды тыныш жатқан елдің  бүгінгі батырлары деп дәріптеп, тірісіне құрмет, арада жоқтарына ізет ету елдік міндетіміз. Қайдада сарбаздардың жесірлеріне, жанұясына әлеуметтік көмек тұрақты түрде көрсетіліп, ерліктері кейінгі ұрпақтарға аманат етілуде.

Жалпы алғанда мәдени рухани құрметтің бәрі де осы ауған жерінде болған қан майданның куәларын  дәріптеу, кейінгілерге үлгі етудің мәдени  жолдары кеңінен ойластырылуда.

Алайда бұлардың алды қарттыққа аяқ басып, сұм соғыстың зардабынан ерте бақилық болып жатқандары да баршылық. Бұлардың да ерлігін ҰОС-на қатысқандармен теңессе нұр үстіне-нұр болар ма еді. Біздікі ұсыныс, бұл ескерер келешектің ісі болмақ…

Расында, Отан-Ана жұмсады, барды. Батыр халықтың ұрпақтары екендіктерін білдіріп, қазақ елінен аттанған әскери қызметкерлердің ішінен 86 жауынгер Кеңес Одағының батыры атағын алды. Басқа да ерлік көрсеткендері жетіп артылады. Біздің шағын мақаламызда бәрін айтып, жазу мүмкін емес. Бір ғана мұсылмандар батальоны «Қара майор» атанып,  басқарған жау жүрек, жауынгер айла-тәсіл, ызғарымен сескендіре білген ер көкірек, Борис Керимбаевтың есімі кейінгілерге аңыз болып қала бермек.

Әңгімеміздің желісін КСРО қорғаныс министрлігі бас штабы, облыстық, аудандық қорғаныс істер бөлімдерінің  мәліметтеріне сүйене  жеткізсек. Кезіндегі КСРО әскери құрылымынан Ауған соғысына 620 мың  сарбаз тартылды делінсе, соның 22 мыңы қазақстандықтар болған. Соғысқа қатысқан кеңес елінің шамамен 15 мың адамы қаза болған деп айтылады.

Осы құпия соғысқа Ақтөбе облысынан 1722 мың  сарбаз қатысып, майданда 22 жауынгер қаза тауып, 58 сарбаз елге түрліше санатта мүгедек болып оралса, анық болмаса да із-түзсіз жоқ болып кеткендері жоқ емес. Жоғарыда айтылған  біздің облыстан барған  әскерилер арасында біздің ауданнан 41 адам қан майданның ортасында болып, аудандағы Қарабұтақ ауылының төл перезенті Жоныс Үкібаев ерлікпен қаза тауып, қалған 40 азамат  елге оралған. Бүгінгі таңда аудан көлемінде түрлі салаларда  19 адам еңбек етіп, бейбітшілік заманда тәуелсіздіктің дәмін татып жүр. 11 адам елге оралғаннан кейін түрлі себептермен дүниеден озса, бір қатары әр өңірлерге шет елдерге қоныс аударған. Араларында түрлі дәрежедегі мүгедектер де жоқ емес.

Аудан көлеміндегі ардагерлер жергілікті әкімдіктің демеуімен ай сайын түрлі бағытта жеңілдіктер алып тұрады. 9 мамыр жеңіс күніне орай, бір реттік жәрдемақы бөлінеді. Астана, Алматы, т.б сауықтыру орындарына жылына бір рет  емделуге тегін дәрігерлік жолдама беріледі. Аудан әкімінің демеушілігімен Бауыржан Тастемиров пен  Амантай Бисенбинге пәтер  берілді.

Әр уақытта аудан мектептерінде Ауған соғысы ардагерлерінің ерліктері мадақталып, оқушыларға түсінік жұмыстары жүргізіліп, аудандық музей, мектептерде ауған соғысының сарбаздарына көрме, арнайы бұрыштар жасақталған.

Сондай-ақ, әр өңірде Ауған соғысының ардагерлер ұйымы жұмыс жасайды. Біздің ауданда запастағы офицер Степной ауылындағы Сазды орта мектебінің  алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Ғарифолла Жүзбаев Ауған соғыс ардагерлер кеңесінің төрағасы, қаруластарының ұйтқысы, жастарға патриоттық тәрбие беруге ауданда бір кісідей еңбек етіп келеді. Ардагерлер жылдағы дәстүрге сай жылда аудан орталығында 15 ақпанда басқосып, қаруластары Жоныс Үкібаевтың тақтасына барып, тағзым етіп, мерекелік қошеметке бөленіп жатады. Ойды-ой қозғайды десек, ауған жерінде елдің елдігін танытып, ерлікпен қаза тапқан жерлес ұлға аудан орталығынан еңселі ескерткіш орнатылса аса құрмет болар ма еді?

Жалпы алғанда ауғаннан оралған сарбаздардың арамызда жүргендері өз өңірлерінде еңбекке арласып, жастарға бейбіт өмірде де батырлыққа тұражақ еңбек етудің алғы шебінен  көрінуде.

Бүгінгі күндері тәуелсіз елімізге, ауған жерінен аман оралған, сарбаздар сондай қиын қасіретті жас ұрпақтар көрмесе екен деген тілекпен өмір баспалдағын аттап, алды ақсақал, соңы ел ағалық жасқа аяқ басуда.

Бұндай қаһарман аға буындардың ерліктері ел есінен еш уақытта кетпей, қайта тарих қойнауына енген сайын құрмет  көрсетіле беруі тиіс.

Бақыт ИМАШЕВ