Ауданның экономикалық даму мәселелері талқыланды
Өткен аптада аудан әкімі Нұрлыбек Өнербаевтың қатысуымен қоғамдық кеңестің отырысы өтті.
Оған қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасары мен округ әкімдері қатысты. Жиынға аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Жаңылсын Исмагулова төрағалық етіп, күн тәртібінде бірқатар мәселелер қаралды.
Кеңес отырысындағы бірінші мәселе ауданымыздың экономикалық дамуына қатысты болды. Осыған орай аудан әкімінің орынбасары Бекзат Бадаков «Қарғалы ауданының болашақтағы экономикалық дамуы туралы» баяндама жасады. Онда ауданымыздың өткен жылдардағы атқарылған жұмыстарына кеңінен тоқталып өтті. Сондай-ақ, алдағы 2025-2026 жылдары жүзеге асырылатын бірқатар маңызды жұмыс жобаларымен таныстырды. Оның ішінде Қосестек ауылдық округіндегі көшелерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, Ащылысай, Петропавл ауылдарындағы көшелерді жарықтандыру, «Қайрақты негізгі мектеп-балабақшасын» КММ жылумен қамтамасыз ету мақсатындағы күрделі жөндеу жұмыстары, аудандық маңызы бар «Донское-Бадамша-Қайрақты»-«Ақтөбе-Орск» жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының 0-8,6 шақырымына орташа жөндеу, Жосалы, Кемпірсай ауылдарындағы көшелер мен ауыліші жолдарын орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу және де биылғы жылы бастау алған Бадамша ауылы көшелеріндегі су жүйесінің құрылысы алдағы жылы да жалғасын таппақ. Оған қоса Велихов ауылына газ жүргізу жұмыстарының басталғаны баршамызға белгілі, бұл жұмыстар алдағы жылы толығымен аяқталмақ. Сонымен қатар, абаттандыру, ұялы байланыс желісін орнату сынды т.б. жүзеге асырылатын мәселелер мен жобалар алдағы жылдың жұмыс жоспарына сәйкес жүзеге аспақшы. Аудан әкімінің орынбасары ауданымыздың экономикалық дамуы жағынан әлеуеті зор екендігін атап өтті. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы саласы бойынша егіс егу, мал мен құс шаруашылықтары қолға алынып дамып келеді. Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптары тиімді пайдаланылып, 2024 жылғы егістік көлемі 150,8 мың га құраған. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша 2025-2026 жылдарға арналған жоспарлармен де таныстырды. Және де жыл басынан бері аудан бойынша 7 жаңа бизнес нысаны ашылған. Ауданда дамытуды қажет ететін тағы бір сала, туризм саласы. Көркем табиғатымен ерекшеленетін біздің өлкемізге келетін туристтердің жыл сайынғы қатары көбейіп келетіндігін сөзге тиек ете келе, осыған орай ауданымыздың көркем табиғаты мен киелі орындарын халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында «Қарғалының жеті кереметі» атты жобаны іске қосу жоспарланып жатқандығын, оның жүзеге асырылу жолдарын баяндады.
Одан соң Әлімбет ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Мысаев пен Ащылысай ауылдық округінің әкімі Асылбек Биманбаевтың хабарламалары тыңдалды. Округ әкімдері өздерінің хабарламаларында алдағы 2025 жылы ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыру мақсатындағы жұмыс жоспарлары жайында баяндады. Жалпы аталмыш ауылдық округтердегі халықтың басты табыс көзі ауыл шаруашылық пен кәсіпкерлік саласы болғандықтан осы мақсаттағы жұмыстарды дамыту мен ауылішілік көшелерді жөндеу, жарықтандыру, абаттандыру, т.б. халық игілігі үшін атқарылар жұмыстардың басты назарда екендігін атап өтті.
Баяндамашыларға аудандық кеңес төрағасы мен мүшелері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, мәселелер отырыста кеңінен талқыланды. Осылайша, қоғамдық кеңестің күн тәртібінде келелі мәселелер көтеріліп, кеңес мүшелері тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылып, аудан әкімінің назарына ұсынылды.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА