АУДАННЫҢ ДАМУ БАҒЫТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Өткен аптада аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер талқыланды.
Жиынды аудандық Қоғамдық кеңес төрағасының міндетін атқарушы Сапар Искаков жүргізді.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – 2023–2025 жылдарға арналған бюджеттік және демеушілік қаражат есебінен елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарының жүзеге асырылу барысы болды. Бұл жөнінде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Азамат Өтегенов баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Баяндамашының айтуынша, аудан көлемінде ауылдық округтер мен елді мекендердің келбетін жақсарту бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілген. Атап айтқанда, көшелерді ретке келтіру, аумақтарды көгалдандыру, көшелерге айналмалы бейнебақылау камераларын орнату, су өткізу құбырларын орналастыру, тұрғын үйлерді сырлау секілді жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар алдағы уақытта атқарылуы жоспарланған жобалар жөнінде де мәлімет берілді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – ауданның білім беру мекемелеріндегі оқушыларды тамақтандырудың жағдайы болды. Бұл бағытта аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Дүйсенова баяндама жасап, мектептердегі тамақтандырудың сапасы, санитарлық талаптардың сақталуы және осы салада қолға алынған шаралар туралы баяндады.
Отырыста кеңес мүшелері кәмелетке толмағандарды еңбек процесіне тарту мәселесіне де назар аударды. Талқылау барысында жасөспірімдердің еңбекке қатысуы қолданыстағы заң талаптарына сәйкес ұйымдастырылуы қажет екені атап өтілді.
Жиын барысында қоғамдық кеңес мүшелері баяндамашыларға сұрақтар қойып, көтерілген мәселелерге қатысты өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Отырыс қорытындысында талқыланған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, бірқатар ұсыныстар аудандық Қоғамдық кеңес тарапынан жауапты мекемелерге жолданды.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА




