АУДАН ӘКІМІНІҢ ШЫРШАСЫ ӨТТІ

Жыл сайын дәстүр бойынша ұйымдастырылатын аудан әкімінің бүлдіршіндерге арналған жаңа жылдық шыршасы «Қош келдің, Жаңа жыл!» атауымен  аудандық мәдениет үйінде өтті.

Мерекелік іс-шараны аудандық білім бөлімі ұйымдастырды. Жаңа жылдық думанды кешке аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, аудан әкімінің орынбасары Ержан Есімбаев, аудандық мәслихат төрағасы Сапарбек Аманжолов, «AMANAT» партиясы Қарғалы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Надежда Заглядова, аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Дуйсенова  қатысты.

Шырша тойына 100-ге жуық бүлдіршін, оның ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары, жетім балалар мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар, сондай-ақ, білім мен спортта жетістікке жеткен оқушылар  қатысты.

Балалардың қуанышына аудан басшысы ортақтасып, бүлдіршіндерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

-Құрметті балалар! Жаңа 2025 жыл, балалардың өмір сүру жағдайын көтеру мақсатындағы, маңызды жобалар бойынша жұмыстар жалғасын тауып, біздің ортақ жеңістеріміз бен жетістіктеріміздің тағы бір елеулі кезеңі болатындығына кәміл сенемін!-деген тілегін жеткізді.

Сондай-ақ, бүлдіршіндерге мерекелік сыйлықтар табыстап, думанның қызықты өтуіне бірге атсалысты. Оқушылар аудан әкімімен бірге түрлі ойыншықтар мен шамдар ілінген шыршаны айнала жүріп, мереке көркін қыздыра түсті.

                             

Жүздері қуанышқа толған бүлдіршіндер жаңа жыл кешінің басты кейіпкерлері Аяз Ата мен Ақшақардың келуін асыға күтіп, осылайша салтанатты шара басты кейіпкерлердің жарқын театрландырылған қойылымымен басталды. Сонымен қатар, балалар үшін қызықты мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылды. Олар жасыл шыршаны айналып жаңа жылды жырлаған әсем әуезді әндерін әуелетіп, би билеп, барша балалар аяз атаға дайындаған барлық өнерлерін көрсетті.

Тағы бір айта кетерлігі, бұған дейін 2024 жылдың 24 желтоқсан күні облыс  орталғында «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты  дәстүрлі Президенттік шырша өтті. Шыршаға көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар, сондай-ақ оқуда және спортта жетістіктерге жеткен балалардан 180 жас ақтөбелік шақырылды.

Аталмыш іс-шараға ауданымыздан 6 бала қатысып қайтты. Бүлдіршіндерімізге жетекшілік етіп алып барған аудандық білім бөлімінің әдіскері Анар Тілеудің пікірін білген едік.

-Облысымызда өткен Президенттік шыршадан аудан бүлдіршіндері өте ерекше әсер алып қайтты. Мерекелік думан жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Балалар қызықты қойылымдарды тамашалап, өздерінің ертегілердегі, мультфильмдердегі кейіпкерлерін және де кештің басты қонағы Аяз ата мен Ақшақарды көріп, қуаныштарын жасыра алмады. Жаңа жылдық шара балалардың көңіл көтеруіне, жаңа жылдық мерекенің сиқырын сезінуге мүмкіндік беріп, сый-сияпаттарға ие болды. Ертегі желісіндегі мән мен ән, талғам мен сән де әдеттегі қойылымдардан өзгешеленген бұл думан олардың  көңіліне ұмытылмастай әсер қалдырды деп ойлаймын,-дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері.

Расында, жаңа жыл – көңілді шаттыққа бөлеп, жүрекке жылулық сыйлайтын ерекше мерекелердің бірі. Оны әсіресе балалардың  асыға күтетіні жасырын емес.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА