АШУ – ДҰШПАН, АҚЫЛ – ДОС

Мұсылман адамның рухани кемелдігін, бойындағы биік адами қасиетін көрсететін сипаттардың бірі – ашуға ие болу. Өмір сынақ алаңы болғандықтан адам баласы қандай жағдай болмасын сабырлы болып, өзін ұстап, байыппен шешім қабылдауы тиіс.

Алла Тағала адам баласының бойына жақсы және жаман мінезді қоса жаратқан. Мұның өзі адам баласы үшін үлкен сынақ. Құран адам бойындағы ондай теріс мінездерді тәрбиелеп, өзгелерге зиян беруден тыю керектігін үйретеді. Осы себептен де Алла Тағала тақуа құлдарын сипаттағанда:

«Ашуларын жұтушылар(жеңушілер)», – деп айтқан. Демек, тақуа адамға да ашу келуі мүмкін. Алайда тақуа жанның өзге адамнан артықшылығы – келген ашуына ие болып, өзгелерге тілімен не қолымен зиян келтіруден нәпсісін тыйып, ашуын жұта біледі. Бірде ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Маған кеңес беріңіз?» – деп өтінгенде: «Ашуға берілме!» – деді. Кейіннен әлгі кісі осы сұрағын бірнеше мәрте қайталаған еді, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да сонша рет: «Ашуға берілме!» – деп жауап берді. Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осынау өсиетіне сүйенер болсақ, кез келген жағдайда сезімге емес, керісінше сабырға жүгіну қажет екендігі ұғынамыз.

Халқымыз да «Ашу – дұшпан» деп, оның қармағына түсіп қалудан сақтандырған. Көбіне ашу мен ақылды қатарластыра сөйлеп, «Ашу келсе – ақыл кетер», «Ашу – шабыстырады, ақыл – табыстырады» деп толғаған бабаларымыз. «Жақсы адамның ашуы – шәйі орамал кепкенше» деген де сөз бар халқымызда.

Ашудың түрлері

Ашудың барлығы бір деңгейде емес. Оның құпталатын және құпталмайтындығына байланысты ғалымдарымыз ашу мынадай үш түрлі болатынын айтқан:

Біріншісі: Құпталатын ашу

Бұл жағдайда ашуланушы адамның ақылы сергек, ашуы өз уысында болады. Кімде-кім күнәлі іс жасап, Алланың немесе адамның ақысына қол сұқса, соған қарсы наразылық танытып ашуланады. Мысалға, Мұса пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) ашуы. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресі, 150-аятында:«Мұса еліне ыза болып, ашуланған түрде қайтқан кезде: «Менен кейін маған нендей жаман іс істедіңдер! Раббыларыңның әміріне асықтыңдар ма?» – деп (Тәурат) тақтайларын тастай салып, туысының (Һарунның) басынан ұстап, өзіне қарай тарта бастады? (Һарун) «Әй, анамның ұлы! Расында, бұл ел мені басынып, тіпті өзімді өлтіруге жақындады. Енді мені дұшпандарға күлкі қылма, мені залым елмен бірге санама!» – деді», –деп айтқан.

Аталмыш аятта Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) еліне біршама уақыттан кейін қайта оралғанда, халықтың бұзауға табынып, Аллаға серік қосқаны жайлы оқиға баяндалған. Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) осы жағдай үшін ашуланды.

Сол сияқты ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ешқашан өзінің ақысы үшін ашуланбаған. Дін мәселесіне немесе өзге адамдардың ақысына қол сұғылып жатқанын көрген кезде ашуланған.

Екіншісі: Рұқсат етілген ашу

Ашудың бұл түрінде Алланың да, адамның да ақысына қол сұғылмайды әрі адам ақылын жоғалтпайды. Ашу рұқсат етілген шеңберде ғана көрініс табады. Бұл жағдай көбіне жанашырлық пен мейірімнен туады. Мысалға, баланың оқу үлгерімінің нашарлығы үшін қынжылу, болашағына алаңдап ашулану, т.с.с.

Үшіншісі: Болымсыз ашу

Ашудың бұл түрі – Шайтанның үнемі құрығын тастап отыратын тұсы. Егер адам ашуланар болса, шайтан одан өз үлесін қалай да болса алып қалуға бар күшін салады. Бұл жағдайда ашуға булыққан адам не айтып, не істеп, не қойғанын білмейді. Оның ақылы ашуының тізгінінде кетеді. Мұндай адам ашуы тарқағаннан кейін істегені үшін қатты өкінеді. Әбу Дарда (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте бір кісі: «Мені жұмаққа кіргізетін бір амалға сілтеңізші», – дегенде, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ашуыңа ұстамды бола білсең, жұмаққа кіресің», – деген екен.

Хадисте ашуды ұстай білу пенденің жәннатқа кіруіне себепші болатыны жайында айтылуы –  ашуды игере білудің мұсылман үшін қаншалықты үлкен маңызға ие екендігін көрсетеді.

Қортындай айтқанда күш-қуаты асып-тасыған, нағыз ер жүрек, батыр емес, нағыз мықты – ашу-ызасына ұстамдылық танытып, Алла тарапынан келген кез келген сынаққа сабыр ете білген адам. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Біреуді жерге жығып, жеңіске жеткен адам мықты емес, нағыз мықты – бойындағы ашуына ұстамды бола білген кісі», –деген (имам Бұхари).

Алла бізді тура жолдан тайдырмай, ашуы мен нәпсісін ақылы мен иманына жеңдірген қайырлы үммет болуымызды нәсіп еткей!

Нұрлан ҚЫРЫҚБАЕВ,

аудандық мешіттің бас имамы

ТегтерДін