Алғысым шексіз…

 

Дәл осындай атаумен өткен аптаның жұма күні аудандық мәдениет үйінде  Алғыс айту  мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. 

Іс шараға аудан әкімі Асқар Жүсібалиев пен барлық мекеме басшылары, ардагерлер мен ауыл тұрғындары қатысты. Мерекелік шараны «NAZ» халықтық би ансамблінің мың бұралған бишілері қазақ биімен ашты.

Одан соң сөз алған аудан басшысы барша тұрғындарды көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтай отырып, Алғыс айту күні – әр түрлі сынақтардан өткен халқымыздың нығаюы мен бірігуіне ықпал ететін мереке екенін атап өтті.

«Бұл мейрамның біз үшін мағынасы мен мәні терең. Бұл күн – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің Қазақстанға терең тағзым белгісі, қазақ жерінен пана тапқан түрлі жандардың риясыз алғыс айту күні. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей бұл мереке өзара құрметтің, сенімділік пен ізгіліктің мерекесі. Сондай-ақ, Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында еңбек еткен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін күні. Көктемнің алғашқы белгісіндей болатын осынау мереке қазақ жеріндегі татулық пен бірлікті, молшылық пен Тәуелсіздікті нығайта берсін»,-деген аудан басшысы жиналғандарды мерекемен құттықтап, дендеріне саулық, отбастарына амандық тіледі.

Сонымен қатар, ауданымыздың дамуы мен өркендеуіне өз үлестерін қосып, түрлі салада табысты да адал еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтар мен азаматшаларды марапаттап, өз атынан  Алғыс хаттар табыс етті.

Құрметке бөленгендер арасында Бадамша ауылдық округінің әлеуметтік жұмысшысы — Сайлан Юсупова, аудан әкімі аппаратының шаруашылық қызметкері — Гүлжауһар Берістен, 45 жылдан астам аудан мәдениетіне өз үлесін қосқаны үшін — Лидяи Уварова, төтенше жағдай кезінде жолда қалған адамдарға көмек көрсеткені үшін, агрофирма «Коквест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің механизаторлары — Алдаберген Абишев, Алексей Черненко мен Василий Забенко, Бадамша – Сервис мекемесінің экономисті —  Шолпан Тукмухамбетова, Бадамша мектеп — бөбекжай — бақшасының шаруашылық қызметкері -Гүлнар Сексембаева, аудандық ауруханасының кіші буын қызметкері — Гүлсинай Самарханова, «Енсеп» шаруа қожалығының механизаторы — Алексей Шлее  және де  электр жүйесінің машинист автокран маманы  — Андрей Соловьев  бар.

Жер дүние жаңарған көктемнің алғашқы күніне арналған мерекелік шара соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.  Құрмет пен мейірімділікке, елдік пен достыққа толы әншілеріміз әннен шашу шашса, мәдениет үйінің жанынан әр түрлі ұлт өкілдерінен құралған «Бірлігіміз жарасқан»  вокалдық ансамблі «Отан ана» мен «Край РоднойРРрорльлблоджл» атты патриоттық әндерін нақышына келтіріп орындап, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА