АЛҒЫС КҮНІ АЙТЫЛҒАН АЛҒЫС

АЛҒЫС КҮНІ АЙТЫЛҒАН АЛҒЫС

Алғыс айту күнін белгілеу 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХII сессиясында ұсынылды. Негізгі мақсат — қиын қыстау, аласапыран кезінде құшағын ашып, пана болған қазақстандықтарға осы күнге аман-есен жеткен өзге ұлт өкілдері ризашылығын жеткізіп, кейінгі ұрпағына ұғындыру болатын.

Жыл өткен сайын халық арасында бұл мерекенің маңыздылығы артып келеді. Бұл күні қоғамда жақсылықтар көбейіп, мұқтаждарға көмек беріліп, ұзақ жылдар еңбек еткендердің еңбегі де еленіп, алғыс айтылып, қошемет көрсетілді. Өткен аптада аудандық мәдениет үйінде өткен «Алғыс — ел сыйы» атты салтанатты жиын — соның куәсі.

Алғыс айту күніне ауылдағы еңбек ардагерлері, әр сала мамандары арнайы шақырылды. Сахнаны аудандық өнер мектебінің «Өркен» бишілер тобы көлеңке көмегімен «Мың алғыс» қойылымымен ашып, аудан әкімі Асқар Жүсібалиев Қарғалы жұртшылығын құттықтап, жылы лебізін жеткізді.

Бүгінгі таңда біздің ауданда 17-ден аса ұлт өкілі тату-тәтті, бірлікте еңбек етіп келеді. Ауданымыздың өркендеуіне аудан жұртшылығының үлесі зор. Осындай бейбіт заманға, молшылық, баршылыққа жетуге үлес қосқан ауылдастарыма мың алғыс, толағай табыс, қажымас қайрат, күш жігер тілеймін. Алғыс айту күні баршаңызға мың алғыс! — дей келе ауданда ұзақ жылдар еңбек етіп, ауданның дамуына үлес қосқан ардагерлерді марапаттады.

АЛҒЫС КҮНІ АЙТЫЛҒАН АЛҒЫС

Осы жолғы марапттаудың да жөні бөлек, жастарға үлгі боларлықтай болды. Кеңес дәуірінде жастық жігерін жұмсап еңбек етіп, тәуелсіздіктің дәмін татып, 60 жастан асқан, бір қатары 80 жасқа аяқ басқан аға буын өкілдері марапатталды. Олардың арасында екі ғасырдың куәсіндей болған кезіндегі еңбек адамдарының еңбектері еленіп, «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі тапсырылды. Олардың қатарында кезінде үздік сауыншылар қатарынан көрінген еңбек ардагері, алтын құрсақты ана, зейнеткер Алма Байханова, ауыл шаруашылығы саласына елеулі үлес қосқан, бүгінгі таңда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сабыржан Бисенов пен заманындағы озат комбайншылардың бірі Роман Филипп, аудандық өртке қарсы қызметтің ардагері Тьюша Карагулов, ішкі істер саласының тыныштық сақшылық қызметінде қызмет еткен зейнеткерлер Айжарық Сибағатов пен Асылжан Мераленов, кезінде аудандағы қаржы саласында еңбек еткен, бүгінгі таңда Бадамша ауылдық округінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зинелгабдин Дербиспаев, педогогикалық қызметтің ардагері Нұркүн Мауленбердина бар.           Сонымен қатар аудан әкімі аға буынның ізін жалғастырып, еңбегімен танылып жүрген жастарға да Алғыс хаттар табыстады. Салтанатты жиынды аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әнмен әрлеп, бимен көркемдеді. Одан соң аудан әкімі алғыс айту күніне орай үйде отырған ардагерлерге арнайы сәлем бере барып, ауданға сіңірген еңбектері үшін шынайы алғысын жеткізді.        Солардың бірі — Ш.Қалдаяқов ауылының ақсақалы Марс Шынтасовқа аудан әкімі күннің боранына қарамастан арнайы барып, ризашылық лебізін білдірді. Одан кейін басқа да бірқатар ардагерлерге ат басын бұрып, алғысын білдіріп шықты.

Құрметті ауылдастарым, ауданның азаматтары! Жазғанның қадірін, сөздің қасиетін бағалап, менің де еңбегімді елеп, төсбелгіні төсіме тағып, төрелегендеріңіз үшін мың алғыс! (автор)

Бақыт ИМАШЕВ, ауданның «Құрметті азаматы».