Ақтүтек боранның әлегі
Биылғы қыс жылы болғанымен, өткен аптадағы ақпанның ақтүтек бораны баршамызды біршама әлекке салды.
Көкшұнақ аяз қатты болмаса да, үсті-үстіне төпелеп жауған қар мен бет қаратпай соққан бұрқасын боран ақпанның басынан бастау алып, облыс аумағында ауа-райының қолайсыздығына байланысты жолдар жабылып, қоғамдық көліктер тоқтатылды. Тіпті кейбір елді мекендер жарықсыз, сусыз қалды. Оған қоса, білім ордаларында сабақ тоқтатылып, қарапайым тұрғындар діттеген жеріне жете алмай, жолда қалып, біраз әуре сарсаңға түсті.
Біздің өңірімізде де ауа-райының нашарлауына байланысты авариялық құтқару жұмыстарына жергілікті атқарушы органдар, төтенше жағдайлар бөлімінің құтқарушылары, полиция бөлімі мен еріктілер күшейтілген режимде жұмыс жасады. Осы орайда атқарылған жұмыстар жайында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау мойоры Аслан Каркулов мәселенің мән-жайын баяндап берген еді.
-Ауа-райының қолайсыздығына байланысты ауданымызда құтқару жұмыстары қарқынды жүргізілді. Атап айтар болсақ, 7 ақпан күні Құрабұтақтан Бадамша ауылына бет алған екі жолаушының жолда адасып қалғандығы жайында хабар жетіп, дереу көмек көрсету жұмыстарын қолға алдық. Нәтижесінде, 16 сағат адасып далада жаяу қалған азаматтар құтқарылды. Сондай-ақ, Әлімбет ауылындағы дәрігерлік амбулаториясының дәрігері Сақып Кубенкуловадан Әзірбайжан азаматына шұғыл көмек көрсету қажеттігі туралы да хабарлама келіп түсті. Аталмыш хабарлама негізінде 18 сағат 22 минутта №13 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Дархан Мұхиев бастаған 5 құтқарушы мен аудандық аурухананың хирургы көмекке келіп, орталық ауруханаға жеткізіліп, шұғыл медициналық көмек көрсетті. Сонымен қатар, Велихов ауылдық округіне қарасты Ақжайық ауылында бұрқасын боранның әсерінен электр желілері істен шығып, бұл мәселеге қатысты арнайы мамандар жұмылдырылып, жарық қалпына келтірілді. Дер кезінде бірлесе атқарылған жұмыстардың нәтижесінде барлығы да оңынан шешілді,-дейді бөлім басшысы.
Тағы бір айта кететін жайт, ақпанның ақ түтек бораны басталған кезде ауданымызда 91 адам құтқарылды. Жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оларды Бадамша, Әлімбет, Ащылысай, Қосестектегі жылыту орталықтарына орналастырылып, жатын орын, ыстық тамақтармен қамтамасыз етілді.
Осылайша, жексенбіден бастап боранның беті қайтып, ауа-райының қолайсыздығына байланысты жағдай тұрақтала бастады. Қазіргі кезде ауылішілік және де аудан аумағынан өтетін облыстық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қардан тазалау жұмыстары жүргізіліп, Ақтөбе-Бадамша жол қатынасы реттелді.
Айта кету керек, қалай болғанда да, қыс — қашанда қыстығын жасайды. Алайда, оған жан-жақты дайындықпен келгендер ғана төтеп бере алады. Биылғы қыстың алғашқы екі айы жанға жайлы болғанымен, ақпанның бораны есеңгертіп тастады. Табиғат тосын мінез танытқанымен, бірлескен істің арқасында адам шығыны орын алған жоқ. Сондай-ақ, қиын-қыстау сәтте қарапайым халықта қарап қалған жоқ. Атқарушы билікпен қатар, аудан кәсіпкерлері мен аудан жастарынан құралған еріктілер тобы белсенділік пен қайырымдылықтарын көрсете білді.
Ал қиын сәтке тап болған жолаушылар мен ауыл тұрғындары мәселелерінің оңынан шешілуіне себепкер болған атқарушы билік органдары мен барша қайырымды жандарға ризашылықтарын жаудырды.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА