Ақтөбені ардақтаған ән шашу

Өткен аптаның  жұмасында бірлігі жарасқан үш вокалді ансамблдің өнерпаздары аудандық мәдениет үйінде  бес жылдық мерейтойларына орай есептік кеш өткізді.

 

Көптеген ұлт өкілдерін  бір арнаға топтастырып, өзінің кеңпейілдігін таныта білген, жанына жақын қылып, дос еткен дархан көңіл  қазақ елінде 130-дан аса ұлт өкілі бір шаңырақ астында тату-тәтті бірлік пен тірлік кешіп келеді.

Солардың бірі 17-ден аса ұлт өкіліне құтты мекен болған, ауданымызда бұдан 5 жыл бұрын аудандық мәдениет үйі жанынан құрылып, оған  өнер саласының маманы Лидия Уварова жетекшілік ететін «Ақпейіл», «Славяночка», «Freude» шағын тобы құрылып, ізденістің арқасында бүгінгі күні үшеуі де  «Бірлігіміз жарасқан» көпұлтты  вокалды  ансамбль атағына қол жеткізді.

Бұл күндері облыс көлеміне танымал, бірнеше өнер сайысында да өнерден шашу шашып жүрген өнер ұжымы Ақтөбе қаласының 155 жылдығына орай «Әнім сенсің, Ақтөбе!» атты шығармашылық кеш өткізіп,  5 жылдық өнерін дәріптеген есепті концертін берді.

Сахна шымылдығын көркем сөзбен төкпелеткен Айнара Курманова мен  Жасұлан Жұмабаев ашып, өнер майталмандарын сахнаға шақырып, көп ұлтты ансамблдің өнерпаздары Батырхан Шукеновтың  «Отан – Ана» әнін шырқады. «Ақпейіл» ансамблі «Елге сәлем», «Гүл-гүл жайна», ал «Славяночка» ансамблі «Барыня», «На деревне тихо», «Freude» ансамблі «Вайнэ», «Шок  студиюн», т.б. әндерін нақышына келтіре орындап, көрермендер қошеметіне бөленді.     Сондай-ақ, «Наз» халықтық би  ансамблі де қазақ, орыс, украйн, неміс билерін құбылта билеп, есептік кештің мазмұнын аша түсті.

Кеш соңы үш ансамблдің бірге шырқаған «Край родной» әнімен аяқталды. Сонымен қатар, шара соңында аудандық мәдениет бөлімінің маманы Дидар Бақыткерей «Бірлігіміз жарасқан» көпұлтты  вокалды  ансамблінің бес жылғы еңбектері мен жеткен жетістіктерін  тілге тиек етіп, алғысын білдірді. Және де аудандық мәдениет бөлім басшысының арнайы Алғыс хатын табыс етті.

Шығармашылық өнер кешіне жиылған көпшілік те ансамбль мүшелеріне, олардың бірліктегі жарасымды тірліктеріне ризашылықтарын білдіріп, көтеріңкі көңіл күймен тарасты.

Бақыт ИМАШЕВ