Әкесіне серік болған Серік әже
Арамызда қиын-қыстау кезде дүниеге келіп, балалық шағын еңбекпен өткізген ардагерлер азайып бара жатыр. Барының өзі 90 жасты алқымдаған. Солардың бірі құтты мекен болған Степной аулының тұрғыны Серік Искендирова. Бүгінгі мақаламыздың да кейіпкері осы кісі жайында болмақ…
Серік Искендирова Қызылорда облысы Арал ауданындағы балықшылар отбасында дүниеге келген. Балалық шағында әкесіне балық тұздауға көмектесіп, сол кездегі қиын сәтте майданға жіберу үшін де түнделетіп те еңбек еткен. Ал бұл күндері Тыл ардагері, тың жерді игеруді де өз көзімен көрген көнекөз қариялардың бірі. Міне, бүгін Тәуелсіздіктің де дәмін татып, өткен күннің бейнесін жастарымыздің санасына сіңіртіп отырған ақылшымыз.
1954 жылы 10 жылдықты бітірген қыз, оқымай-ақ бойындағы қабілетімен Жіңішке ауылында дүкенші болып еңбек етіп, саудаға машықтанады. Серік әжеміздің кейіннен сол талпынысы жүзеге асып, Новоресей ауданының Көктөбе кеңшарындағы сауда орынында 15 жыл есепші, кассирші болып қызмет еткен.
1956 жылы Шалғынбай Баймағанбетовпен отау құрып, 1958 жылы Новоресей ауданы Көктөбе ауылына көшіп келеді. Одан соң жолдасының жұмысына байланысты жолдамамен қазіргі Степной елді мекеніне 1980 жылы қоныс аударады. Жолдасы осы Степной ауылында 25 жыл зоотехник болып қызмет етіп жүріп, дүниеден өтеді.
Кезіндегі сауда саласының маманы 1980 жылдан бастап, ауылшаруашылығы саласында еңбек етеді. Осылайша, қызметімен көзге түскен талапты келіншекке, 1982 жылы ауылда құрылған комсомолдық жастар бригадасына жетекшілік ету тапсырылады. Қиындыққа жастайынан шыныққан балықшы өңірдің қызы Серік апайымыз мал бағудың да маманы екенін таныта білген кезі осы уақыттар еді.
Жастарға қатысты тәлімгерлік еңбегі бағаланып, 1986 жылы аудандық кеңеске депутат болып сайланып, талай қошеметке бөленген іскер келіншек бірнеше рет мадақтамалармен марапатталған. Кеудесіндегі 1998 жылы алған «Еңбек ері» мен мерекелік «Тыл ардагері» медальдары бейнеттің өтеуіндей сылдыр қағады.
Кейіпкеріміз бұл күнде 9 баладан тараған 22 немере, 23 шөберенің күлкісіне кенелген асыл әже. Жасы 90 жасқа таяп қалса да әлі тың. Кейіпкеріміз қазір немерелеріне қолғап, шұлық пен орамал тоқып, оны үйретуде ширақ қимылдап, ауыл әйелдері мен келіндеріне үлгі болып отыр. Сондай-ақ, Серік әжеміз өз сөзінде бүгінгі күніне шүкіршілік айтып, заман тыныштығына тәубе етуде.
Бақыт ИМАШЕВ.