АЭС салу мүмкіндігі: әлемдегі технологиялар қаншалықты зерттелді

Бір жыл ішінде не атқарылды?

ҚР Энергетика министрлігі атом саласының салалық ұйымдарымен бірлесіп, жетекші елдердің атом энергетикасы саласындағы тәжірибесін зерделеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Осы жұмыс аясында әлемдік ядролық технологиялар өндірушілерінің АЭС салу мен пайдаланудың озық технологиялары мен тәсілдері зерделенді.

«Атап айтқанда, біздің атом саласының сарапшылары Франциядағы EDF, Қытайдағы CNNC, Оңтүстік Кореядағы KHNP және Ресейдегі Росатом басқаратын АЭС-теріне барды. Бұл елдердің АЭС-терін табысты пайдаланудың ұзақ тарихы бар және атом энергетикасының қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз ету саласында айтарлықтай тәжірибе жинақтаған. Сонымен қатар, біз Түркиядағы Аккую атом электр станциясы мен Беларусь атом электр станциясының құрылыс процесімен егжей-тегжейлі таныстық, бұл бізге осындай нысандарды салудың заманауи әдістерін іс жүзінде көруге мүмкіндік берді. АҚШ-та дамып келе жатқан шағын модульдік реакторлардың (SMR) перспективалық жобаларына ерекше назар аударылды. Бұл инновациялық реакторлар икемді, қауіпсіз және шалғай аймақтарда пайдалану мүмкіндігінің арқасында болашақ энергияның маңызды элементі бола алады. Жетекші елдердің тәжірибесін зерделеу Қазақстанға біздің ұлттық мүдделеріміз бен ерекшеліктерімізге сүйене отырып, атом энергетикасын дамыту үшін неғұрлым қауіпсіз және экономикалық тиімді технологияларды таңдауға мүмкіндік береді», – делінген Энергетика министрлігі ақпаратында.

Бір жыл ішіндеЭнергетика министрлігінің, атом саласындағы ғылыми институттар мен ұйымдардың сарапшылары АЭС салу жобасы туралы Қазақстанның бүкіл аумағы бойынша ауқымды түсіндіру жұмыстарына қатысты. Атом энергетикасының қауіпсіздігіне, экологиялық аспектілеріне және экономикалық пайдасына қатысты мәселелерді объективті түрде жариялауға ерекше назар аударылды. Еліміздің барлық өңірлерінде жария талқылаулар өткізілді, онда Министрлік өкілдері мен шақырылған сарапшылар жобаның негізгі аспектілерін түсіндірді.

«Атом энергетикасының артықшылықтарын, сондай-ақ АЭС-тің қазіргі заманғы жобаларына енгізілген қауіпсіздік шараларын егжей-тегжейлі ашатын ақпараттық материалдар әзірленіп, таратылып жатыр. Теледидар мен радиода ғалымдар, экологтер мен экономистердің қатысуымен арнайы бағдарламалар шығарылып отыр, олар күрделі мәселелерді халыққа түсіндіре алады», – деп аталып өткен ведомство мәліметінде.

Биыл тамыз айының соңында KazAtomExpo-2024 халықаралық көрмесі аясында Астанада атом энергетикасындағы озық компаниялар жиналды. Оның аясында Қазақстанның атом энергетикасы мен ғылым саласындағы жетістіктері, сондай-ақ еліміздің осы саладағы мүмкіндіктері таныстырылды.

кенті
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

Қандай зерттеулер болды?

Қазақстанда АЭС салу мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Осы уақыт ішінде АЭС-ті орналастыру ауданы мен әлемдегі қолданыстағы реакторлық технологиялар зерттелді. Орналастыру ауданын таңдау бойынша зерттеулер Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) ұсынымдарына сәйкес, АЭС-тің қоршаған ортаға ықтимал әсерін жан-жақты ескере отырып жүзеге асырылды. Жүргізілген зерттеулердің нәтижелері мен еліміздің оңтүстік өңірінде энергия тапшылығы бар екендігін ескере отырып, Алматы облысы Жамбыл ауданының Үлкен ауылы атом электр станциясын орналастыру үшін ең қолайлы аудан ретінде анықталды.

Сонымен қатар, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы мен Ядролық технологиялардың қауіпсіздігі ғылыми-техникалық орталығының сарапшыларын тарта отырып, негізгі әлемдік деңгейде реакторларды жеткізушілердің технологиялары жан-жақты зерделеді. Бұл зерттеулердің нәтижесінде ең перспективалы нұсқалар іріктеліп, алдын ала төрт жеткізушіден тұратын қысқа тізім жасалды:

  • Қытайлық CNNC компаниясының HPR-1000 реакторы;
  • Кореялық KHNP компаниясының APR-1400 APR-1000 реакторлары;
  • Ресейлік «Росатом» компаниясының ВВЭР-1200 реакторы;
  • Француздық EDF компаниясының EPR-1200 реакторы.

«2023 жылы Қазақстан Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) екі миссиясын қабылдады. Бірінші миссия Қазақстанның АЭС салу бойынша шешім қабылдауға дайындығын бағалауға бағытталды. Бұл миссия аясында нормативтік-құқықтық базаны дамыту, электр желілік инфрақұрылымды дайындау, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу бағдарламасы және мүдделі тараптармен өзара іс-қимылды дамыту мәселелері қаралды. Екінші миссия АЭХА сарапшыларының Үлкен ауылына сапары арқылы АЭС орналастыру ауданын таңдау бойынша жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін бағалауға арналды. Миссия қорытындысы бойынша АЭХА сарапшылары Үлкен аумағында АЭС салуға кедергі келтіретін факторлар анықталмаған деген тұжырымға келді. Халықпен өткізілген кездесулер мен жүргізілген сауалнамалардың нәтижелеріне сүйене отырып, азаматтардың ақпараттандыру деңгейі жеткілікті және қоғам елдің тұрақты экономикалық өсуі мен энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін энергетикалық инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығын түсінеді деген қорытынды жасауға болады», – дейді Энергетика министрлігінің мамандары.

Сондықтан референдумның қорытындысы Қазақстан азаматтарының АЭС салу мәселесі бойынша нақты пікірін айқындайды және осы бағытта одан әрі іс-қимылдарды қабылдауда шешуші фактор болады.

АЭС
Фото: freepik

АЭС құрылысында халықаралық консорциум мүмкін бе?

Қазақстанда АЭС құрылысы аясында Энергетика министрлігі ядролық технологиялардың жетекші әлемдік вендорларымен бірқатар келіссөз жүргізді. Негізгі келіссөздер ынтымақтастық шарттарын, реакторлардың техникалық параметрлерін және әлеуетті жобалардың экономикалық әрі құқықтық аспектілерін талқылауға бағытталды. Атап айтқанда, қытайлық CNNC (HPR-1000), оңтүстік кореялық KHNP (APR-1400, APR-1000), ресейлік Росатом (ВВЭР-1200) және француздың EDF (EPR-1200) компанияларымен келіссөздер болды. Бұл компаниялар жобаға қатысуға қызығушылық танытты және өз технологияларын қарастыру үшін ұсынуға дайын.

Энергетика министрлігінің мәліметіне қарағанда, референдумда АЭС құрылысына қолдау болған жағдайда, халықаралық консорциум арқылы қаржыландыру, сондай-ақ жобаны басқару тетіктері мәселелерін қоса алғанда, нақты ұсыныстар әзірлеу үшін әлеуетті өнім берушілермен келіссөздер тереңдей түседі.

Қазіргі кезде АЭС-ті қаржыландырудың әртүрлі схемасы бар. Соның ішінде жеке инвестициялар, халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз қаражаты, мемлекеттік бюджеттік қаржыландыру және мемлекеттік-жекешелік әріптестік ескерілген.

«Жобаны қаржыландырудың неғұрлым егжей-тегжейлі пысықталуы референдумның оң нәтижесі болған жағдайда қарастырылатын болады. Мұндай жағдайда жобаның талаптары мен шарттарына барынша сәйкес келетін нақты қаржылық модельдерге кешенді талдау іске асырылады», – делінген ведомство ақпаратында.

Еске салсақ, атом энергетикасы және атом электр станциясының құрылысы мәселелерін тереңірек түсінгісі келетін азаматтар үшін Gov.kz порталында және eGov mobile қосымшасында жиі қойылатын сұрақтарға жауап беретін жаңа бөлім құрылды.

INFORM.KZ