АДАЛ ЕҢБЕК – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ БЕРІК НЕГІЗІ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жариялануына орай өткен аптада аудандық мәдениет үйінде «Жұмысшы мамандықтар жылы: Адал еңбек – ел негізі» тақырыбында тағылымы мол форум өтті.

                              

Маңызды басқосуға аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, өндіріс және коммуналдық сала өкілдері, білім беру мекемелерінің басшылары, жұмысшы жастар, студенттер және мектептің жоғары сынып оқушылары қатысты.

Форумның негізгі мақсаты – қоғамдағы жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, адал еңбек құндылықтарын кеңінен насихаттау, сондай-ақ жастарды техникалық және өндірістік бағыттарға баулу болды.

Шараның ашылуында аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев сөз сөйлеп, еңбек адамы – ел экономикасының берік тірегі екенін атап өтті. Ол өз сөзінде жұмысшы мамандықтарының мемлекет дамуы жолындағы маңызына ерекше тоқталып, бұл салада еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегі әрдайым құрметке лайық екенін жеткізді.

       

Жиын аясында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар еңбек адамдары аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Атап айтқанда, байланыс желілік құрылыстарының электромеханигі Талғат Мамбетов, «Энергосистема» ЖШС-нің 2-разрядты электромонтер – бақылаушысы Жандәулет Нұрмұханбетов, «QazaqGaz Aimaq» АҚ авариялық-қалпына келтіру бөлімінің слесарі Темирлан Мамбетов, «Нұртас» шаруа қожалығының қожайыны Нұртас Алмышев және «Бадамша Сервис» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының қызметкері Сергей Никонов адал еңбегі үшін марапат төрінен көрінді.

Одан соң өңір инфрақұрылымын дамытуға үлес қосып жүрген «Тас Пром Трейд» ЖШС-нің басшысы Акораз Ербөлеков сөз алып, өндіріс саласындағы өз тәжірибесімен бөлісті. Ол жастарды үздіксіз білім алуға, еңбекқорлық пен жауапкершілікті басты ұстаным етуге шақырды.

Сонымен қатар, форум барысында Бадамша агро-техникалық колледжінің директоры Қайрат Қарағұлов оқу орнының жұмысшы мамандар даярлаудағы рөліне тоқталып, колледж түлектерінің бүгінгі еңбек нарығында сұранысқа ие екенін атап өтті. Ал энергетика, коммуналдық және газ саласының мамандары – Талғат Досмағанбетов, Дмитрий Побелко, Нұржан Құмар өз ойларын ортаға салып, жұмысшы мамандығының үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап ететінін жеткізді. Бадамша агро-техникалық колледжінің 3-курс студенті Станислав Скачков та сөз сөйлеп, ауыл жастарын білім алуға және мамандықты саналы таңдауға үндеді.

Іс-шара аясында аудандық мәдениет үйінің фойесінде «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында арнайы көрме ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде білім, өндіріс, ауыл шаруашылығы, энергетика және коммуналдық салаға қатысты құрал-жабдықтар мен мамандықтардың қыр-сырын танытатын материалдар қойылып, еңбек адамының күнделікті тынымсыз тіршілігі кеңінен насихатталды.

Форумның мазмұнды әрі әсерлі сәттерінің бірі – Ақтөбе қаласынан арнайы келген жоғары колледж студенттері Әділ Ахметов пен Мансұр Ерлановтың заманауи робототехника жобаларын таныстыруы болды. Ақпараттық технология дамыған қазіргі заманда роботтың адам кейпіндегі мүмкіндіктері көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды.

Осылайша, тағылымды шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, әсем ән мен көтеріңкі көңіл-күйге толы сәттермен қорытындыланды.

Айта кетейік, адал еңбекке негізделген бұл форум – жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Мұндай игі бастамалар жастардың еңбекке деген құрметін нығайтып, ел болашағын қалыптастыратын білікті мамандар қатарын көбейтуге өз үлесін қосары сөзсіз.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА