ӘБІЛҚАЙЫР ХАН — ҚОЛБАСШЫ, ХАН, САЯСАТКЕР

ӘБІЛҚАЙЫР ХАН — ҚОЛБАСШЫ, ХАН, САЯСАТКЕР

Осындай тақырыпта Қарғалы аудандық тарихи-өлкетану музейінде Әбілқайыр ханның туғанына 330 жыл толуына орай дөңгелек үстел өтті.

Оқушыларды өз еліне, жеріне деген сүйіспеншілікке, адамгершілікке, азаматтыққа тәрбиелеуді мақсат еткен шараға №2 Бадамша орта мектебінің оқушылары мен тарих пәнінің мұғалімі Жанна Елентаева белсене қатысты.          Шара барысында әуелі оқушыларға қазақ хандығының XVIII ғасырдағы тарихындағы жарқын да біртуар тұлға Әбілқайыр хан туралы айтылды.           Әбілқайыр хан — Қазақ хандығы тарихында жасындай жарқыраған тұлға. Ол жастайынан батылдығымен танылып, дарынды әскербасы және білгір қолбасшы атанған. Қазақ жерін жаудан қорғау, тұтастығын сақтауда үлкен атақ-абыройға ие болған жауынгер батыр, билеуші, ірі мемлекет қайраткері, қолбасшы, мәмілегер, Кіші жүз ханы. Әз Жәнібектің бесінші ұрпағы саналатын Әбілқайыр хан 1693 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. Бүгінде облыс орталығында Әбілқайыр ханның есімімен байланысты даңғыл және ескерткіш бар.

Музей қызметкерлері тақырыпқа орайластырып, «Көрнекті қолбасшы» атты көрме ұйымдастырып, шараға қатысушылардың назарына ұсынды.         Шарадан соң Қарғалы аудандық тарихи-өлкетану музейіне экскурсия өткізіліп, экспозиция залдары таныстырылды.