ЖАН ЖЫЛУЫН СЫЙЛАҒАН ЖАНДАРҒА АЛҒЫС

Өткен аптада ауданымызда Әлеуметтік сала қызметкерлері күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Салтанатты жиын аудан әкімдігінің мәжіліс залында ұйымдастырылып, оған аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, әлеуметтік қорғау және қоғамдық қызмет көрсету саласының мамандары, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Мерекелік шараны ашқан аудан басшысы әлеуметтік сала қызметкерлерінің қоғамдағы ерекше рөліне тоқталып, олардың еңбегіне жоғары баға берді.
— Сіздер халықтың игілігі үшін аянбай еңбек етіп, мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетіп келесіздер. Сіздердің мейірімге толы еңбектеріңіз – қоғамның рухани тірегі, — деді аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев.
Іс-шара барысында әлеуметтік салада ұзақ жылдар бойы абыроймен қызмет етіп келе жатқан бірқатар қызметкерлер аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Олардың қатарында аудандық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкері Любовь Бузулуцкая, Шәмші ауылынан Аягөз Жұмабекова, Жосалы ауылынан Ботагөз Асанова, Ащылысай ауылдық округінен Динара Садықова және “Сенім” отбасын қолдау орталығының кеңесшісі Әмина Биисова, Мансап орталығының қызметкері Айнұр Аққұл мен әлеуметтік қорғау бөлімінің іс жүргізушісі Камола Аманжолова бар.
Жиын соңында әуезді ән мен жүрекжарды тілектерге толы мерекелік концерт ұйымдастырылып, саланың үздік мамандарына құрмет көрсетілді.
Айта кетейік, сонымен қатар, Ақтөбе қаласында өткен облыстық деңгейдегі мерекелік жиында бадамшалық әлеуметтік қызметкер Сайлан Юсупова да ұзақ жылғы табанды еңбегі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Бұл күн – адам жанына жылылық сыйлап, қоғамның әлсіз топтарына қамқорлық танытып жүрген мейірімді жандарға деген шынайы алғыс пен құрметтің мерекесі. Әлеуметтік сала мамандарының еңбегі мен адалдығы – елдің игілігі мен ізгі келешегіне қосылған зор үлес.
Бақыт ИМАШЕВ







