БАЛАЛАРҒА МЕЙІРІМ СЫЙЛАҒАН ЖАНДАРҒА ҚҰРМЕТ

Адамның ең асыл қасиеті – мейірім мен жан жылуы. Әсіресе бұл қасиет бала тағдырымен байланысты болса, оның маңызы екі еселене түседі. Қамқоршы болу – жүрек қалауы мен рухани жауапкершілікті қатар алып жүру. Әрбір қамқоршы – баланың өміріндегі үміт отын қайта жаққан, болашағына сенім ұялатқан жан. Сондықтан Қамқоршылар күні – тек кәсіби мереке емес, адамдықтың, ізгіліктің және үлкен жүректің мерекесі.

Бұл күн ерекше мейірім мен ізгіліктің, адамгершілік пен жауапкершіліктің мерекесі. Осыған орай өткен аптада аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Балаларға мейірім сыйла» атты мерекелік іс-шара өтті. Шара аудандық балалар өнер мектебінің ғимаратында ұйымдастырылып, мереке иелеріне ерекше жылы әсер сыйлады. Мерекелік жиынға патронаттық тәрбиешілер, қамқоршылар, білім беру ұйымдарының педагогтері мен әлеуметтік қызметкерлер қатысты.

Іс-шараның ашылуында аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Дүйсенова сөз сөйлеп, балаларға сүйіспеншілікпен қолдау көрсетіп жүрген қамқоршыларды құттықтап, лебізін білдірді.

– «Қамқор болу – жүректің ісі. Сіздер балаларға махаббат пен сенім сыйлап отырсыздар. Бұл – өлшеусіз еңбектің, ізгілік пен мейірімнің үлгісі», – деп атап өтті.

Сондай-ақ, арнайы шақырылған қамқоршылардың еңбегіне алғысын білдіріп, оларға естелік сыйлықтар табыс етті.

 

 

 

 

                                           

Мерекелік көңіл-күйді одан әрі әрлеген балалар өнер мектебінің өнерлі бүлдіршіндері Әсел Жәдігер мен Икрам Танабергенов, сондай-ақ өнер ордасының ұстаздары Ару Бисембаева, Жасұлан Жұмабаев, Перизат Қуанышбекова әсем ән шырқап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Балалардың мөлдір дауысы мен ұстаздардың шеберлігі мерекенің сәнін кіргізіп, жүректерге жылулық ұялатты.

Сахна төрінде шырқалған әрбір ән мен айтылған әрбір жылы сөз – мейірім мен ризашылыққа толы әсерлі сәттерге айналды.

Қамқоршылар күні – тек мереке ғана емес, адамдық борыш пен жүрек мейірімінің көрінісі. Осындай күндер қоғамдағы ең қымбат құндылық – мейірім мен сүйіспеншілікті насихаттайды.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА