Балабақшадағы қазақы дәстүр — ұлт тәрбиесінің бастауы  

Қазақ халқының тәрбиелік дәстүрлері ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа беріліп, ұлттың рухани болмысының өзегіне айналды.

Ұлт құндылығын кішкентай кезден бойға сіңіру — бүгінгі ұрпақтың парызы. Осы мақсатта аудандық тарихи-өлкетану музей ұжымы бүлдіршіндердің таным көкжиегін кеңейтуге бағытталған игі шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Музей қызметкерлері тек келушілерді күтумен шектелмей, өздері ел аралап, ұлттық құндылықтарды насихаттауды дәстүрге айналдырған.

Өткен аптада аудан орталығындағы «Айгөлек» балабақшасында ерекше тағылымды кездесу өтті.

                                       

Шара барысында музей қызметкерлері балабақша тәрбиеленушілеріне қазақ халқының тұрмыс-салтын, киім үлгілерін, ұлттық тағам түрлерін және әдеп-ғұрып ерекшеліктерін таныстырды.

Алдымен аудандық музейдің директоры Айнагүл Сүйінғарина ата-аналар мен тәрбиешілерге өткізілетін шараның маңызын түсіндіріп, оның тәрбиелік мәніне тоқталды. Бұдан соң өткізілген «Ұлттық мұра — ұрпаққа аманат» атты шеберлік сағатында бүлдіршіндерге қазақы киім үлгілерінің ерекшеліктері көрсетіліп, қай жаста қандай киім киетіні туралы түсінік берілді. Музей қызметкерлері үй жиһаздарын, тұрмыстық бұйымдарды қалай ұстау керектігін іс жүзінде көрсетіп, балаларға да қайталап көруге мүмкіндік берді.

Шараның мазмұнын байыта түсу үшін бүлдіршіндердің әжелері де арнайы шақырылды. Олар сүт өнімдерінен тағам даярлау, тары түю, май шайқау секілді көне тұрмыстық дәстүрлерді көрсетіп, ұмыт бола бастаған қолөнер қырларымен бөлісті. Балалар ұлттық тағамдарды көзбен көріп, иісін сезіп, өз қолдарымен араласып көру арқылы әсерлі тәжірибе жинады.

Кездесу соңында ата-аналар мен балабақша ұжымы музей қызметкерлеріне балдырғандарға ұлт мәдениетінің нәрін дарытқаны үшін алғыстарын білдірді.

Расында да, мұндай тағылымды іс-шаралар — ұлттың рухани тәрбиесінің бастауы. Өнер мен дәстүрді дәріптеу арқылы бала жүрегіне туған елге, жерге деген сүйіспеншілік ұялатады. Бүгінгі бүлдіршіндердің көз алдында өткен осындай әсерлі көріністер ертең олардың жадында ұлтқа деген мақтаныш сезімін оятады.

Бақыт ИМАШЕВ

ТегтерТағылым