ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТЫЛСЫМ КЕРЕМЕТТЕРІ

Ауданымыздың көрікті табиғаты мен тарихи мұраларын кеңінен таныстыру мақсатында өткен аптада «Қарғалының жеті кереметі» атты танымдық экскурсия ұйымдастырылды.

Игі шараны аудандық жастар ресурстық орталығы қолға алды. Бұл танымдық сапар жас буынның туған өлкенің бай тарихы мен табиғи сұлулығына деген қызығушылығын арттырып, ел мен жерге деген сүйіспеншілігін тереңдетуге бағытталды.
Экскурсияның алғашқы аялдамасы – өңірдің көне шежіресінен сыр шертетін «Қызылтам» қорымы болды. Қасиетті бұл мекендегі ежелгі құлпытастар мен ескерткіштер жастарды ата-баба рухына тағзым етуге, өткеннің ізімен ой түюге жетеледі.
Келесі нысан – Қарғалы су қоймасы. Қатысушылар мұнда өңірдің табиғи байлығы, су ресурстарының маңызы және экологиялық тепе-теңдікті сақтаудағы су қоймасының рөлі жайлы мағлұмат алды.
Сондай-ақ, сапар барысында жастар «Сәрке батыр» ескерткішіне аялдап, ел қорғаған ерлердің ерлігіне тағзым етті. Батырдың өмір жолы мен елге сіңірген еңбегі жөнінде тың деректер айтылып, жастардың бойында отансүйгіштік рухты оятты.
Табиғаттың әсем көрінісімен көз тартатын «Қасқыр» сарқырамасы да қатысушыларды ерекше әсерге бөледі. Сарқыраманың сұлулығына тәнті болған жастар фото және бейне естеліктер жасап, табиғат аясында сергіп қайтты.


Экспедиция жолы әрі қарай тарихы мен атауы қызықты деректерге толы «Мылқау» ауылымен жалғасты. Мұнда қатысушылар жергілікті тұрғындармен еркін әңгімелесіп, ауылдың тыныс-тіршілігімен және оның өткенімен танысты.
Рухани бағыттағы аялдамалардың бірі – «Нұрпейіс хазрет» мешіті болды. Қатысушылар мешіттің тарихы, дін мен қоғамның өзара байланысы жөнінде мағыналы ақпарат алды.
Танымдық сапардың соңғы нүктесі – экологиялық тұрақтылықтың символына айналған «Бадамша» жел электр станциясы. Мұнда жастар баламалы энергия көздерінің маңызы және жасыл технологиялардың болашағы туралы тың мәліметке қанықты.
Осылайша, сапар соңында қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді. Олардың пікірінше, мұндай бастамалар туған жерге сүйіспеншілікті арттырып қана қоймай, жас ұрпақтың бойында экологиялық және рухани мәдениетті қалыптастырады.
Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Мейіржан Жұбан атап өткендей:«Қарғалының жеті кереметі» — бұл туған өлкені танытудың, патриоттық сезімді күшейтудің және табиғатты аялаудың жарқын үлгісі. Мұндай экскурсиялар жастардың ой-өрісін кеңейтіп, туған жерге деген құрметін арттырады»,-дейді.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында ішкі туризмді дамыту экономикалық өсудің және мәдени өрлеудің маңызды факторы екенін атап өткен болатын. Осыған орай ауданымызда экотуризмді дамытуға бағытталған «Қарғалы ауданының жеті кереметі» атты жобасы жүзеге асырылуда.

Жұлдыз КЕНЖЕ