ХАЛЫҚ ТАҢДАУЫ – ЕЛ ЕРТЕҢІ

26 қазан күні ауданға қарасты Желтау ауылдық округінің Петропавл ауылында №252 сайлау учаскесінде Қарғалы аудандық мәслихатының №8 сайлау округі бойынша шығып қалған депутаттың орнына кезектен тыс сайлау өтті.
Сайлау учаскесі таңғы сағат 07:00-де Мемлекеттік Әнұранмен жұмысын бастап, дауыс беру үдерісі кешкі 20:00-ге дейін үздіксіз жалғасты. Ауыл тұрғындары азаматтық белсенділік танытып, өз таңдауларын жасауға асықты.
– Сайлау күні барлық ұйымдастыру шаралары заң талаптарына сай және жоғары деңгейде өтті. Сайлаушылардың дауыс беруіне барлық жағдай жасалып, тәртіп пен әділдік сақталды. Үдерісті бақылауға сенім білдірілген өкілдер мен байқаушылар қатысты, құқықбұзушылық фактілері тіркелген жоқ. Ауыл тұрғындарының белсенділігі сайлау мәдениетінің жоғары деңгейде екенін көрсетті, – дейді №252 сайлау учаскесінің төрағасы Балапан Сарсебаева.
Ең алғаш болып дауыс беруге келген ауыл тұрғындары Жания Есениязова, Алтай Бисембиев, Александр Буняк және Бекболат Кинбаевқа сайлау учаскесі атынан естелік сыйлықтар табыс етілді.
Сондай-ақ, сайлау науқаны аясында денсаулығына байланысты учаскеге өздігінен келе алмайтын азаматтарға үйде дауыс беру мүмкіндігі ұйымдастырылды. Нәтижесінде ауылдық округке қарасты №252 сайлау учаскесіне тіркелген жеті сайлаушы өз үйлерінде дауыс беріп, азаматтық белсенділіктерін көрсетті.
Бұл күні сайлауға отбасымен келіп дауыс бергендер де аз болмады. Солардың бірі — Кенжиндер мен Исатаевтар әулеті. Белсенділік танытқан отбасылар да сыйлықсыз қалмады.
– Сайлау – ел болашағына деген жауапкершілік. Әрбір азамат өз дауысымен мемлекет дамуына үлес қосады. Сондықтан да өз ауылымыздың болашағы үшін бүгінгі күннің маңызын ескеріп, отбасымызбен дауыс бердік, – дейді Ибрагим мен Мариям Кенжиндер отбасы.
Сайлау күні ерекше толқумен келгендер қатарында 18 жасқа енді толған жас сайлаушылар да болды. Карина Коновалова, Ринат Базарбаев, Ақылжан Әбдібек алғаш рет дауыс беріп, ауыл өміріндегі маңызды оқиғаға қатысудың қуанышын бөлісті.
Айта кетейік, елімізде демократиялық құндылықтарды нығайту, азаматтардың белсенділігін арттыру және жергілікті басқару жүйесін жетілдіру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі – мәслихат депутаттарын сайлау болып табылады. Бұл жолы да халық өз таңдауын жасап, ел дамуына үлес қосуға мүмкіндік алды.
Осылайша, бұл саяси науқан жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайтуға, халық пен билік арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған маңызды бастама ретінде есте қалды.
Қарғалы-АҚПАРАТ












