ЕЛ ТЫНЫШТЫҒЫН КҮЗЕТКЕН ЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ

Біздің тыныштығымыз бен бейбіт өміріміздің артында күн сайын өз өмірін қатерге тігіп, өзгелерге қорған болып жүрген ер азаматтар бар. Олар – от пен судың ортасында жүріп, адам өмірін сақтап қалуды басты мұратына айналдырған құтқарушылар.
Олар – қауіп алдында тайсалмайтын, қиын сәтте алғашқы көмекке ұмтылатын, ерлік пен батылдықтың бейнесіне айналған жандар. Міне, осы абзал мамандардың кәсіби мерекесі – қазанның 19-ы, еліміздің төтенше жағдайлар қызметкерлері күні.
Айта кетейік, 1995 жылдан бері бұл күн – адам өмірін сақтауға арналған ауыр әрі жауапты қызмет иелеріне деген ерекше құрмет күні ретінде аталып келеді. Биыл Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне – 30 жыл толып отыр.
Осыған орай аудандық мәдениет үйінде айтулы күнге арналған «Ел амандығы – ерлікпен тең» атты салтанатты шара өтті.
Мерекелік шара «Ұшқын» халықтық жастар театрының әсерлі сахналық қойылымымен басталып, онда құтқарушылардың ерлігі мен отансүйгіштігін айшықтап, көрермендердің жүрегіне патриоттық сезім ұялатты. Одан соң Ерасыл Игизбаев пен Жасұлан Жұмабаевтың орындауындағы «Отан – ана» әні шараның көркін кіргізді.
Мерекелік жиын барысында төтенше жағдай қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.
Жиын барысында аудан әкімінің міндетін атқарушы Ержан Есімбаев сөз сөйлеп, ел қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген сала қызметкерлерін шын жүректен құттықтады:
– Азаматтық қорғау саласы қызметкерлерінің басты міндеті – адам өмірін сақтау мен төтенше жағдайлардың алдын алу. Бұл – ерлік пен жауапкершілікті талап ететін абыройлы іс. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз ел тыныштығының кепілі. Отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді Ержан Есімбаев.
Мерекелік құттықтаудан соң бірқатар ауылдық округ әкімдері төтенше жағдайлар саласындағы адал еңбегі мен белсенді қызметі үшін Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының Алғыс хатымен марапатталды.
Олардың қатарында: Бадамша ауылдық округінің әкімі – Ернар Дабилдин, Желтау ауылдық округінің әкімі – Азамат Рзагулов, Шәмші Қалдаяқов ауылының әкімі – Самат Изтлеуов, Велихов ауылдық округінің әкімі – Жолдас Карагулов, Әлімбет ауылдық округінің әкімі – Мейрамбек Мысаев, Ащылысай селолық округінің әкімі – Асылбек Биманбаев , Степной ауылдық округінің әкімі – Гульмайра Нуредилова.
Сонымен қатар, аудан әкімінің Алғыс хатымен ауылдық округ әкімдіктерінің қызметкерлері марапатталды. Марапатқа ие болғандар Жандос Шошанов (Желтау ауылы), Сергей Бланк (Ащылысай ауылы), Канат Мрзагалиев (Велихов ауылы), Асланбек Жолдыбаев (Степной ауылы), Ерғали Ужтаев (Кемпірсай ауылы), Алмас Ахметов (Қосестек), Дәурен Жаманшалов (Ш.Қалдаяқов ауылы), Қайрат Каюпов (Бадамша ауылы) және Владимир Майраслов (Әлімбет ауылы).
Сондай-ақ, салтанатты жиында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Аслан Каркулов та әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді:
– Құрметті әріптестер! Баршаңызды Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығымен және кәсіби мерекеміз – Құтқарушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Біздің мамандық – батылдықты, төзімділікті, асқан жауапкершілік пен мейірімділікті талап ететін абзал іс. Қиындыққа тап болған жандарға қол ұшын беру – біздің азаматтық парызымыз әрі ар-намысымыз. Ел тыныштығы мен халық амандығы жолында аянбай еңбек етіп жүрген барша әріптестеріме зор денсаулық, отбасыларыңызға береке-бірлік, қызметтеріңізге табыс тілеймін. Қай кезде де өз борышымызды абыроймен атқара берейік! – деді бөлім бастығы.
Құттықтаудан соң Әлімбет және Қосестек ауылдық округіндегі өрт сөндіру бекеттерінің қызметкерлеріне мерекелік марапаттар табыс етті. Олардың ішінде: Анатолий Аганин, Мұрат Альмуханов, Какімжан Жумагалиев, Ерғали Уразбеков, Сергей Сиротин, Есілхан Дакешев, Жомарт Әуезхан, Юрий Балашенко, Данияр Суважбаев бар.
Марапаттау рәсімінен соң көрермендер назарына аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылып, ән мен биден өрілген әсерлі кеш жалғасын тапты.
Кеш соңында Есет Әлімжан мен Дабыл Даурбаев орындаған «Қарғалым – жердің жұмағы» әні кешті жоғары көңіл күймен түйіндеді.
Бұл мерекелік шара төтенше жағдай қызметкерлерінің жанқиярлық еңбегін дәріптеп, олардың қоғамдағы ерекше орнын тағы бір мәрте айқындады. Елдің тыныштығы мен халықтың амандығы – осы ержүрек азаматтардың адал еңбегінің жемісі.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА







