ҚАРИЯЛАРҒА ҚҰРМЕТ – ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ

Қариясын ардақтап, үлкенін сыйлаған елдің іргесі берік болмақ. Осы бір асыл қағиданы дәріптеген аудан жұртшылығы Қарттар күніне орай мәдениет үйінде өткен салтанатты шараға жиналды.

«Қарты бар ел – бақытты» атты мерекелік кешке аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, мекеме басшылары, мереке иелері мен ауыл  тұрғындары қатысты.

Салтанатты шараның шымылдығы аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Ұшқын» халықтық жастар театрының сахналық қойылымымен түрілді. «Әке туралы қойылым» көпшіліктің жүрегін елжіретіп, әкенің ұрпақ алдындағы орны мен қадірін айшықтай түсті. Әсерлі көрініс барысында әкеге деген құрмет пен перзенттік махаббаттың шынайы сәттері көрініс тауып, көрермендердің жанарына жас үйірді.

Одан соң кештің алғашқы құттықтау сөзін аудан басшысы Нұрлыбек Унербаев алып, елге еңбегі сіңген ардагерлерімізге аудан жұртшылығы атынан алғыс білдірді. Елдің шежіресі мен ұрпаққа бағыт берер қарияларымызға мықты денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.

Мерекелік лебізден кейін ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосып, қоғамдық өмірдің бел ортасында жүрген ардақты қарттарымызға  аудан басшысы марапаттар табыс етті.

Марапатқа ие болғандардың қатарында Степной ауылынан Серік Калиф, Бадамша ауылынан Бақыткерей Нұрқаев, Любовь Мунина, Гүлден Жұмашева, Ащылысай ауылынан Павел Дмитрюк, Әкімгерей Каркулов, Сәлімгерей Қасымов, Қосестек ауылынан Николай Кусмауль, Жолдыбай Искаков және Шәмші Қалдаяқов ауылынан Абылхаир Тұрабаев бар.

Кеш барысында аудан өнерпаздары өздерінің әсем өнерімен шара шырайын келтірді.

Аудандық мәдениет үйінің әншілері халықтық әуендерден шашу шашса, «Ақпейіл» халықтық ансамблі жанды дауыста әсерлі ән шырқады. Сондай-ақ, «Прогресс» балаларды дамыту орталығының бүлдіршіндері мен мәдениет үйінің бишілері Назым Жанғазы мен Айнэла Тукешева мың бұрала билеп, сахна сәнін келтірді.

Осылайша, ән мен биден құралған осынау мерекелік бағдарлама қарияларымызға қуаныш сыйлап, көтеріңкі көңіл-күй дарытты. «Қарты бар ел – қазыналы ел» деген дана сөздің мәні дәл осындай сәттерде айшықталады.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА