Тіл – халық қазынасы

Мемлекеттік тіл егемен еліміздің негізгі рәміздерінің бірі болып саналады. Кез келген өркениетті елдің өзінің рәміздері, шекарасы болатыны секілді мемлекеттік тілі де болады. Демек, мемлекеттік тіл де — мемлекеттігіміздің негізгі атрибуттарының бірі.

Біздің Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі» деп жазылған. Әрбір Қазақстандық Ата заңымыздың талаптарын орындауға тиіс. Тіл ұлт пен ұлтты жақындастыратын ең үлкен қатынас құралы. «Ұлттың сақталуына да, жоғауына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті қағидасына сүйенсек, Ата заң аясында бақ-берекетіміздің сақталып отырғаны тіл саясатын да дұрыс жүргізудің жемісі екені анық. Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі.

Ендеше, тілімізді, ұлтымызды – отбасымызды қадірлегендей қадірлейік!

Айжан ФАЙЗУЛЛИНА,

Қарғалы аудандық сотының

бас маманы сот отырысының хатшысы