ЖАСТАРДЫ ШЫҢДАҒАН СПОРТТЫҚ МЕРЕКЕ

Өткен аптада Шәмші Қалдаяқов ауылындағы Қарғалы өзенінің жағалауында ерекше мерекелік сипаттағы спорттық сайыс өтті.

Еңбек күні мен Ұстаздар күніне орай ұйымдастырылған «Алтын күз» аудандық спорттық-туристік жарысы жасөспірімдер үшін шынығу мен достықты арттырған маңызды іс-шара болды.

Жастар ресурстық орталығы мен аудандық Туризм және Өлкетану орталығының бастамасымен өткен бұл жарыс салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, бірлік пен ұйымшылдықтың, еңбексүйгіштік пен ұстазға құрметтің айқын көрінісін көрсетті.

Жарыстың ресми ашылу салтанатында Мемлекеттік Әнұран шырқалып, аудандық білім бөлімінің өкілдері құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тілеп, бұл шараның тәрбиелік мәнін ерекше атап өтті.

Сайысқа аудан мектептерінен жасақталған белсенді жасөспірімдер командалары қатысты. Қатысушылар әр кезеңде білім мен ептілігін, төзімділік пен тапқырлығын дәлелдеп бақты.

Осылайша, «Ромашка» ойынында логикалық қабілеттер сыналса, «Лидер» кезеңінде ұйымшылдық пен көшбасшылық айқындалды. Ал «Капитанская гонкада» топ жетекшілерінің алғырлығы байқалса, шешуші «Кросс-походта» төзімділік, шапшаңдық және бірлікте әрекет ету қасиеттері бағаланды.

Әділқазылар әр кезеңді әділ сараптап, қатысушылардың ынтасы мен талпынысын жоғары бағалады. Білім мен күш-жігерін танытқан жасөспірімдер жарыс соңында марапатқа ие болды.

Нәтижесінде жүлделі І орын Жосалы орта мектеп-балабақшасына бұйырып, оларға Бурабай демалыс аймағына 4 адамға арналған жолдама табыс етілді. ІІ орын Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасына, ІІІ орын Сазды орта мектебіне беріліп, оларға мектепке қажетті шахмат жиынтығы, туристік рюкзактар және спорттық ойын жабдықтары тарту етілді. Сонымен қатар барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.

«Алтын күз» жарысы табиғат аясында өткен жастар мерекесіне айналып, олардың бойына қайсарлық пен ұйымшылдықты сіңіріп, достық пен бірлікті нығайтты. Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне ұстаздар мен ұйымдастырушылардың еңбегі айрықша үлес қосты.

Бұл спорттық мереке жастарды спортқа баулып қана қоймай, салауатты өмір салтына жетелейтін тағылымды дәстүрге айналғаны сөзсіз.

Жұлдыз КЕНЖЕ

ТегтерСпорт