МӨҢКЕ БИ МҰРАСЫ – МӘҢГІЛІК ӨНЕГЕ

Биыл халқымыздың аса ірі мемлекет қайраткері, көреген ойшыл, әділ би Мөңке Тілеуұлының туғанына 350 жыл толып отыр.

Қара қылды қақ жарған әділдігімен, болашақты болжаған кемеңгерлігімен ел жадында қалған ұлы тұлғаның өнегелі мұрасы үш ғасырдан асса да, халықтың жүрегінен өшпей, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.

Осыған орай өткен аптаның жұма және сенбі күндері Ақтөбе қаласындағы этноауылда Мөңке биге арналған салтанатты мерейтойлық шара өтті.

Ел бірлігін, әділдікті ту еткен тарихи тұлғаны ұлықтауға зиялы қауым өкілдері,ардагерлер мен жастар, сондай-ақ аудандық мекемелер белсене қатысты.

Аталған мерекелік жиында Мөңке бидің өмір жолы, шешендік өнері мен халыққа қалдырған өсиеттері кеңінен насихатталып, киіз үйлер тігіліп, ат шаптырып, ас берілді. Сонымен қатар оның ел болашағына қатысты көрегендігі мен әділ билігі жайлы тарихи деректер баяндалды.

                           

Бұл іс шараға біздің ауданымыз да үлес қосты. Айта кететін болсақ, аудандық тарихи-өлкетану музейі игілікті іске атсалысып, келген қонақтарға арнап арнайы көрме ұйымдастырды. Музей қызметкерлері халықты аудан тарихымен таныстырып, баба мұрасын дәріптеді. Мәселен, музейдің ғылыми қызметкері Қымбат Тасымова келген қонақтарға аудан тарихы мен Мөңке би мұрасының мән-маңызы жайлы кеңінен әңгімелеп берді.

Дүбірлі шара барысында Мөңке бидің тікелей ұрпақтары да киіз үйлерге кіріп, қонақжайлы аудан халқына алғыстарын білдірді. Олар музей ұжымымен естелік суретке түсіп, аталарының жолын дәріптегені үшін ризашылықтарын жеткізді. Ұрпақтары музей қызметкерлеріне ақ батасын беріп, ел руханиятын жаңғыртудағы еңбектеріне сәттілік тіледі.

Бұл мерейтой – өткенді еске алу ғана емес, бабалар даналығын бүгінгі жас ұрпаққа жеткізудің жарқын көрінісі. Мөңке бидің тағылымды сөздері мен ел бірлігі туралы өсиеттері қазіргі заманның да құндылықтарын айқындап, жас ұрпаққа бағыт-бағдар болары сөзсіз.

Бақыт ИМАШЕВ