Президент Жолдауы аудандық ауруханада талқыланды

Өткен аптада аудандық аурухана ғимаратында Мемлекет басшысының кезекті Жолдауын талқылау жиыны өтті.
Бұл басқосуға аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясының бақылау комиссиясының төрағасы Сапарбек Аманжолов пен партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Надежда Заглядова қатысты.
Осы орайда Жолдаудағы денсаулық сақтау саласына қатысты маңызды мәселелер дәрігерлер ұжымының қатысуымен қаралды. Халық қалаулылары Президент еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарын айқындап, тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге ерекше мән бергенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы жасанды интеллект пен цифрландыру технологияларын қолдана отырып, реформаларды жүзеге асырудың жаңа жолын көрсетті. Қазіргі таңда елімізде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. Осыған орай біздің аудандық емханаға жапсарлас жаңа ғимарат бой көтеруде, – деп атап өтті Надежда Заглядова.
Өз кезегінде мәслихат депутаты Сапарбек Аманжолов Жолдаудың ерекшеліктеріне тоқталып, биылғы Жолдауда күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін үш жылдық нақты мерзім белгіленгенін, бұл жауапкершілікті арттыра түсетінін тілге тиек етті.
Жиын соңында күн тәртібіндегі екінші мәселе қаралып, бастауыш партия ұйымының жаңа төрағасы сайланды. Ұжым мүшелері бірауыздан аурухана басшысы Еркебулан Әбдіғалиевті төраға етіп, орынбасарлыққа 2017 жылдан бері партия мүшесі болып келе жатқан Жадыра Жұбанышеваны бекітті.
Жұлдыз КЕНЖЕ




