Отбасы ғимаратының негізі – жар таңдау

Алла Тағала бұл дүниеде әрбір нәрсені жұп жұбымен жаратқаны белгілі. Соның ішінде ақыл ес, сана сезім берілген Адам баласының жұпсыз болуы ерсі нәрсе секілді. Сондықтан да етек жеңін жиып, өзін алып жүре білетін кез келген адамның өзіне лайықты жар іздеуі құптарлық іс. Үйленуге ниет еткен кісі ең алдымен өзінің ішкі жан дүниесіне сәйкес келетін жар таңдауы тиіс. Қазіргі кезде көптеген жастар осы бір өміршең мәселеге тек сезім тұрғысынан келіп, көшеде, кафеде, клубта кездескен кез-келген біреумен асығыс жанұя құруды көздейді.

«Үйлену үшін не істеу керек? Болашақ сыңарыңды қалай таңдау керек?» деген маңызды сауалдарды елемей бас қосқандардың соңы жақсылыққа апармайтыны белгілі. Қайта мәселеге жан-жақты қарап, шолу жасай алатын кісілердің де пікіріне құлақ асуына болар еді. Бұл оларға керісінше пайда әкелмесе, зиянын тигізбейді.

Негізінен өмірлік жар деген, адамның есімі секілді онымен өмір бойы бірге болады. Болмысын бүтіндеп тұратын тең жартысы десек те артық болмас. Сол себепті де өмірлік жарыңызды ойланып, өмірлік екенін ойға алып барып таңдаңыз. «Қыз баласына қандай ер азамат абзалырақ?» деген сұрақтың жауабына ата-бабаларымыз былай жауап берген: «Діннен хабары бар, байсалды әрі дінді таза ұстанатын, сенімі берік және оны іс жүзінде амалға асыратын, өз ұлтын және халқын жақсы көретін, жомарт, жағдайы жақсы, асырауға шамасы келетін, күшті, көрікті, жас, сондай-ақ әйелімен жақсы қарым-қатынаста бола алатын, алған әйелін ұнатса сыйлайтын, ал ұнатпаса қорламайтын және зұлымдық жасамайтын адам ғана күйеу болуға әбден лайық.

Ал енді күйеу жігіттің жар таңдауына келер болсақ, ол дегеніміз – өз күйеуіне адал, мінез-құлық, әдеп, ізгілік және сұлулық тұрғысынан абзал болған әйел. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұл жайында былай дейді: «Әйелді төрт қасиетіне қарап алуға болады: дүниесіне, тектілігіне, әдемілігіне және діндарлығына. Бақытты болу үшін сен діндарын таңда».

Жарын сұлулығына бола алған адам, оның сұлулығынан мақрұм қалады. Байлығы үшін алған адамның ол байлық басына бәле болады. Мінез-құлқымен діндарлығына қарап алған адам бұл өмірін де, ахыретін де көркейтіп, бақытқа қауышады. Сондықтан үйленетін қыздың діні мен тегіне қарау керек. Құнанбай баласы Абайға жар таңдағанда Ділданың әкесі Алшынбайдың тектілігіне иек артты. Сол Ділдадан туған Әбдірахман мен Мағауия қазақтың жарық жұлдыздары болды. Ата-анасы діндар болған қыз текті деген сөз. Жігіттің де осындай сипаттарына қарау керек. Әһли сүннет ақидасында болуы, намаздарын үзбей оқуы, көркем мінезді және ықыласты болуы керек. Байлығына, атақ-даңқына және мансабына қызығып, яғни дүниелік үшін үйленген адам құриды. Осыған өте мұқият болу керек.

 Т.РАЗАҚ,«Ихсан» орталығының теологы