ТАҒДЫРЛЫ ЖЫЛДАРДЫҢ ІЗІМЕН

Аудан тарихында депортация жылдары ерекше ауыр кезең болып саналады. Сол қасіретті оқиғаларды зерттеп, жас ұрпаққа жеткізу мақсатында ағымдағы жылдың маусым айында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғалымдары аудандық тарихи-өлкетану музейіне ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге келді.
Экспедицияға тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Асылбек Мәден мен философия ғылымдарының докторы, аға оқытушы Жанар Мустафина жетекшілік етті. Ғалымдар музей ұжымымен бірге тарихи орындарды аралап, құнды деректерді жинақтады.
Олар тағдырлы іздер сақталған орындарда болып, ауылдық славян зиратындағы «Братская могила» мемориалы мен Подхоз ауылы маңындағы «Естелік мемориалын» аралады. Сондай-ақ алғашқы депортацияланған, немістер жерленген орындармен танысты.
Ақтөбе облыстық немістер қоғамы «Возрождение» бірлестігінің өкілі Светлана Короткова тарихи деректер мен куәгерлердің әңгімелерін баяндап берді. Оның айтуынша, Қарғалы өңіріне немістердің қоныстануы 1941 жылдан бастау алады. Украинадан арнайы эшелонмен әкелінген 2600 неміс қоныстанушы Кемпірсай ауылының маңына орналасып, шатырлы лагерьде қиын жағдайда өмір сүрген. Қатаң қыс пен ашаршылық салдарынан халықтың шамамен 20%-ы қаза тапқан екен.
Кейіннен барактар мен тұрғын үйлер салынып, Бадамша кентінің іргесі бекіген. Ауылдың негізін неміс ұлтының өкілдері қалаған. 1943 жылдан бастап шешендер мен өзге де ұлт өкілдері көшіріліп әкелініп, Бадамша көпұлтты ауылға айналады. 1950–1960 жылдары мектеп, аурухана, мәдениет үйі, балабақшалар бой көтеріп, елді мекен өркен жая бастайды.
Осылайша, ғылыми экспедицияның нәтижесінде, ғалымдар бұл сапар барысында депортация жылдарына қатысты тың деректерді жинақтап, куәгерлердің естеліктерін хатқа түсіріп, музей қорындағы жәдігерлермен танысты.
Зерттеу жұмыстарының соңында аудандық музейдің «Келіп қоныстанушылар» залында арнайы экскурсия ұйымдастырылып, қонақтар аудан тарихымен және музейдің құнды экспонаттарымен танысты.
Айта кетейік, бұл ғылыми-зерттеу жұмыстар аудан тарихындағы ауыр да тағдырлы кезеңдерді айқындап, тарихи жадыны сақтауда үлкен рөл атқарды. Университет ғалымдары мен «Возрождение» қоғамы өкілдерінің бірлескен еңбегі жас ұрпаққа өткеннің сабақтарын жеткізудің маңыздылығын көрсете білді. Сонымен қатар, осындай зерттеу шаралары халық жадындағы қасіретті жылдарды ұмыттырмай, тарихтан тағылым алуға жол ашады.
Жұлдыз КЕНЖЕ










