ЕҢБЕГІ ЕЛЕНГЕН ЖАНДАР

 Елімізде жыл сайын қараша айының үшінші жексенбісінде – ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібінің қызметкерлері кәсіби мерекесін атап өтіп келеді. Осы орайда өткен аптаның жұмасында аудандық мәдениет үйінде аталмыш сала қызметкерлеріне арналған мерекелік іс-шара өтті.

            Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Асқар Жүсібалиев, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері мен еңбеккерлері және де мекеме басшылары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Мереке иелеріне арналған салтанатты шарада ең алдымен аудан басшысы сөз алып, кәсіби мерекелерімен құттықтап, аудандағы ауыл шаруашылығы саласындағы жеткен жетістіктер мен атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.

-Біздің мемлекетіміз үшін ауыл шаруашылық саласы қай уақытта да экономикамыздың басты бағыты болып келеді. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамыту, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласын кеңейтіп, алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу қажеттілігін айтты.  Міне сондықтан да, қазір бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Сол себепті де, ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа әдіс-тәсілдерін қолға алуымыз керек. Біздің ауданымыз ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша жобалар белсенді іске асып келеді. Аудан бойынша 2023 жылы 23 бірлік ауыл шаруашылығы техникаларын және 52 бірлік ауыл шаруашылығы жабдықтарын сатып алу арқылы, аталмыш сала бойынша ауданға 1,752 млрд.тг инвестиция құйылды. Осылайша, биыл 155,5 мың гектар жерге егін егілді. Оның ішінде дәнді-дақылдар – 117,2 мың га, күзгі дақылдар – 11,7 мың га, майлы дақылдар – 11,7 мың га, мал азығы дақылдары – 24,8 мың га, картоп – 1,3 мың га, көкөністер – 0,5 мың га, бақша дақылдары  — 0,036 мыңға га.  Бұл әрине табанды еңбек етудің нәтижесі. Оған әрқайсыңыздың үлесіңіз бар, — деп  аудан әкімі сала мамандарына деген ризашылығын білдірді.

Бүгінде ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласы мемлекеттiк қолдаудың арқасында жаңа деңгейге көтеріліп, өңіріміздің экономикасын дамытуда және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруда жетекші күшке айналып отыр. Бұл бағытта бүгінгі күні жүйелі жұмыстар жүргізіліп, ауыл шаруашылығында еңбек ететін көптеген қарғалылықтар ел экономикасының маңызды стратегиялық бағыттағы саласын дамытуға сүбелі үлес қосып келеді.

Ауыл – тіршіліктің қайнар көзі, елдің – алтын қазығы. Ауыл мен ауылшаруашылығы егіз ұғым.  Осы орайда біздің аудан — ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келе жатырған өңірдің бірі. Өйткені, мал шаруашылығы, егін, дәнді дақылдардың түрлері, көкөністер, т.б. шаруашылықтың түрін біздің өлкемізден кездестіруге болады. Бұл сала бойынша жұмыстар жылдан жылға жанданып, дамып келеді. Ең ірі шаруа қожалықтары да біздің ауданымызда. Сондықтан да,  биыл да атқарылған жұмыстар аз емес. Өнім мөлшері де көңіл қуантарлықтай. Ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлік саласы мемлекеттік қолдаудан кенде емес. Солардың бірі «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Аталмыш бағдарлама аясында жыл басынан жалпы сомасы 733,1 млн теңгеге жоба тапсырылды. Оның ішінде 187 жоба мақұлданып, оның 175-і жүзеге асырылды. Бұл да ауданымыз үшін зор жетістік.

Салтанатты кеш барысында аталмыш саланың үздік мамандары облыс және аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

                                              

Нақтырақ айтар болсақ, облыс әкімі Асхат Шахаровтың Алғыс хатымен ауыл шаруашылығы саласына сіңірген еңбегі үшін Желтау ауылдық округінің зейнеткері Жұмабек Кольжанов, Бадамша ауылдық округінің зейнеткері Қантай Жұлдызбаева, Әлімбет ауылдық округі «Колос» шаруа қожалығынан Сагидолла Наурызбаев және де аталмыш саладағы өндірістік көрсеткіштері үшін Қосестек ауылдық округінің зейнеткері Ербулат Сувашбаев марапатталды.

Сондай-ақ, облыстық, аудандық ауылшаруашылығы жәрмеңкелеріне белсене қатысушы Велихов ауылдық округінің жеке кәсіпкері Наталья Айтимоваға және де  ауыл шаруашылығы саласындағы адал қызметі мен облыстық, аудандық жәрмеңкелерін белсенді ұйымдастырғаны үшін Қосестек ауылдық округінің бас маманы Мурат Тулегеновке аудан әкімінің арнайы Дипломы табыс етілді.

Мереке иелеріне арналған кеште ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласына қосқан зор үлесі мен қажырлы еңбектері үшін бірқатар шаруа қожалықтарының иелері мен жұмысшылары және де жеке кәсіп иелері әртүрлі номинациялар бойынша марапатталды.

Салтанатты шарада ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне үлес қоса жүріп, жоғары өндірістік көрсеткіштері үшін қарапайым қара күш иелері де құрметке бөленді. Дала еңбеккерлеріне аудан әкімінің дипломы мен  естелік сыйлықтары табыс етілді.

«Озат механизатор» — «Көктем» ШҚ-нан Талғат Малдыбаев, «Темирхан» ШҚ-нан Олег Остатенко, «Айдана» ШҚ-нан Срембек Калдыгулов, «Акбидай» ШҚ-нан Анатолий Гаврилов.

«Озат комбайнер» — «Рассвет» ШҚ-нан Александр Горобец.

«Озат тракторист» — «Колос» ШҚ-нан Сергей Вандич.

«Озат малшы» — «Жарық» ШҚ-нан Канат Рыскалиев, Желтау ауылынан Жубанышкали Идельбаев, «Қарабұлақ» ШҚ-нан Данис Хасанов, Ащылысайдан Евгений Рутковский.

«Озат сауынша» — «ФАР» ШҚ-нан Наташа Филипп.

«Үздік мал дәрігері» — Желтау ауылдық округінің мал дәрігері Нурлан Бисембаев.

Осылайша, ала жаздай маңдай терін төккен еңбеккерлеріміздің еңбектері ақталған күн болды.

Мерекелік салтанатты кеште ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Әрбір ауылдық округтен жәрмеңкеге келгендер өздерінің табиғи өнімдерін тиімді бағада ауыл тұрғындарына ұсына білді. Ет өнімдері 2300 тг сатылса, оған қоса құс, сүт өнімдері мен көкөністер және де табиғи балдар да қол жетімді бағада сатылды.

Ауыл шаруашылық жәрмеңкесімен қатар мәдениет үйінің фоесінде аудандық тауар өндірушілердің көрмесі өтті. Көрмеге аудан мен ауданға қарасты округтердегі жеке кәсіп иелерінің түрлі өнімдері қойылды. Аталмыш көрмеде «Ауыл аманаты» жобасы арқылы кәсібін қолға алғандардың өнімдері көпшілікке ұсынылып, тамашалаушы тұрғындардың қызығушылықтарын тудырды.

Мереке иелеріне арналған кеш соңы аудан көркем өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Ерекше көңіл-күй сыйлаған кеште әсем ән шырқалып, кішкентай бүлдіршіндеріміз мың бұрала би билеп, қазақтың қара домбырасынан күй күмбірлетті.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА.