Ақ халаттылар мейірім сыйлаған сәт

«Мектепке жол» акциясы елімізде оқу жылының алдында дәстүрлі түрде жүргізіліп келеді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – көп балалы отбасылардың жаңа оқу жылына толыққанды қадам басуына қолдау білдіру.

Осы республикалық игі іс-шараға біздің ауданның ақ халаттылары жыл сайын өз үлестерін қосуда. Биыл да сол дәстүрдің жалғасы өткен аптаның жұмасында өтті. Аурухана ұжымының басшысы Еркебұлан Абдигалиев жиналғандарға қамқорлықтың мән-мағынасына тоқталып, балаларға сый-сияпатын салтанатпен табыстады.

Алдымен аурухана «Qamqor» кәсіподағы атынан 6 балаға мектеп формалары, киім-кешек, спорттық киім, кросовка, мектеп құрал-жабдықтары табысталды. Сонымен қатар аурухана әкімшілігі мен «Qamqor» кәсіподақ ұйымы атынан ұжымдағы көп балалы аналарға 30 мың теңгенің сертификаты беріліп, «игіліктеріңізге жаратыңыздар» деген тілектерін білдірді. Одан әрі биыл алғаш мектеп табалдырығын аттайтын 16 бүлдіршінге 5 мың теңгеден сертификат ұсынылды.

Өнерпаз аға-апалары әсем әннен шашу шашып, бүлдіршіндерді жадыратып, ата-аналардың көңілін көтерді.

Қамқорлық – адамзаттың асыл қасиеті десек, «Мектепке жол» бағдарламасы аясында көрсетілген әрбір көмек бүлдіршіндердің қуанышына, болашағына қосылған үлес. Осындай игі істер қамқор жандардың қолдауымен жалғасын тауып, барлық бала мектепке қуанышпен барсын деп тілейік!

Бақыт ИМАШЕВ