КЕМПІРСАЙЛЫҚТАР КЕРЕМЕТ КӨҢІЛ КҮЙ СЫЙЛАДЫ

Өткен сенбіде Кемпірсай ауылдық округі өзінің дәстүрлі мәдени кешін ерекше, әсерлі көңіл күймен атап өтті.

Ауыл тұрғындары мен қонақтарды орталық саябақтың ғажайып безендірулері қарсы алды. Жерден әуеге дейін әрбір бөлік ерекше көз тартып, ерекше көрініс берді. Атап айтар болсақ, түймедақ гүлдеріне көмкерілген әсем дала, орама шөптен жасалған Жосалы пойызы, орындықта отырған мейірімді ата мен әже, қиялға шомған жас жігіт — бәрі де тұрғындарды баурап алды.

   

Шара барысында киіз үй ұлттық нақышқа сай безендіріліп, көпшілікке ақ дастарханнан дәм ұсынылды. Сондай-ақ, барша халыққа бауырсақ, құрт, ыстық күріш тағамы, көкөністер мен жемістер, сусындар, түрлі тәтті тоқаштар тегін таратылды.

                      

Думанды кеш «Қазақстаным» әнімен басталып, патриоттық флешмоб көрінісімен жалғасын тапты. Сахна төрінде Кемпірсай ауылдық округінің әкімі Нұралы Жамеков сөз алып, мәдени шараның мәнін атап өтті:

— Құрметті аудан тұрғындары! Біздің округтің мәдени кешіне қош келдіңіздер. Бүгінгі шараны шынайы көңілмен өткізуге шақырамын. Мұндай ұлттық мерекелер ел бірлігін нығайтып, дәстүрімізді ұлықтауда маңызды рөл атқарады, — деді округ әкімі.

Мерекелік құттықтауынан кейін сахна шымылдығын «Елге сәлем» әнімен ашты. Кеш барысында әсем әндер шырқалып, түрлі ұлт өкілдерінің билері көрерменнің көңілін көтерді. Әсіресе, думанды кешке арнайы қонақ боп келген африкалық жігіттердің қазақ тілінде ән шырқауы көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Сондай-ақ, балалар мен ересектерге арнайы аниматорлар мен ертегі кейіпкерлері ерекше қуаныш сыйлады.

Оған қоса түрлі қолөнер бұйымдары мен кітап көрмесі жасақталып, ондағы «Туған өлкем-неткен көркем» сөресінде өңірімізге танымал тұлғалардың еңбектері мен тарихы, сондай-ақ, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Абай-тұтас бір әлем» атты арнайы бұрыш көпшілікке таныстырылды.

Сонымен қатар, спорттық жарыстар — гір көтеру, қол күрес, қой көтеру сынды бәсекелер де ұйымдастырылды. Жарыс жеңімпаздары аталмыш ауылдық округіндегі шаруа қожалықтарының демеушілік сыйлықтарына ие болды. Айта кетсек, «Спутник» ауылшаруашылығы кооперативі мен «Кудря» шаруа қожалығы гір көтеру  мен қол күрес жеңімпаздарына бес рулон шөпке сертификат  табыс етсе, қой көтеруден үздік шыққан қатысушыға «Нұр» шаруа қожалығының атынан қой сыйға берілді.

Кемпірсайдың мәдени кешінде ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі де ұйымдастырылып, тұрғындар ет, сүт, көкөніс өнімдерін қолжетімді бағамен сатып алды. Кештің көркін Африкадан келген қонақтар ашып, қазақ тілінде ән шырқап, би алаңын шынайы думанға бөледі.

Осылайша, Кемпірсай ауылдық округінің «Ауыл күні» кеші ауыл тұрғындарының бірлігін, ұйымшылдығын арттырып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА

ТегтерАуыл күні