Әншашу Қосестектен бастау алды

Ауыл – халқымыздың алтын бесігі, ұлттық құндылықтардың қайнар көзі деп жатамыз. Осы байлығымызды дәріптеп, ата-баба аманатын ұлықтау мақсатында «Ауыл күні» мерекесі дәстүрге айналып, аудан орталығында ғана емес, әр ауылдың өзінде де өткізіліп келеді.

Осы орайда өткен аптада Қосестек ауылы да тарихы тереңге жайылған қасиетті мекен бұл дәстүрлі іс-шараны ұйымдастырған болатын. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары жылдағы «Ауылға сәлем» атты гастрольдік сапарын Қосестек ауылынан бастаған еді.

Мерекелік шараны жүргізген Дастан Құлманов пен Юлия Лукпанова Қосестек ауылының өткені мен бүгінін тілге тиек ете отырып, сахнаға сән, әр өнерге мән беріп шебер алып шықты.

Ауыл кешіне жиналған тұрғындар мен қонақтарды ауылдық округ әкімі Гүлжан Досмагамбетова шын жүректен құттықтап, қолдау білдіргендерге алғысын жеткізді.

Сахнада Күнсая Дәуленбаева «Бұлбылым», Сабрина Тлеуова «Кукушка», Мерлан Төлемісов «Батырлар ұраны» әнін тебірене орындаса, Қосестек ауылының перзенті, ақын Шапағат Аманжолдың өз ауылына арнаған өлең жолдарынан үзінді оқыды. Сондай-ақ, бишілер Айнэла Төкешова мен Назым  Жанғазы  «Хорезм» биін нақышына келтіріп биледі.

Сонымен қатар, дәл осы күні 22 тамызда дүниеге келген қосестектік жерлестер Наталья Голубь пен Максим Саблинге сый-сияпаттар табыс етіліп, оларға арнап Айнара Құрманова «Келемін саған», «Жүрегімді жаралама» әндерін тарту етті.

Ауыл кеші аудандық мәдениет үйінің триосы зор тебіреніспен орындаған «Қарғалым» атты патриоттық әнмен өз мәресіне жетіп, жастардың кешкі биімен жалғасын тапты.

Табиғаты бай, самалды Қосестек ауылының кешкі ауасымен кең тыныстап, ән құшағына бөленген ауыл тұрғындары әсерлі кешке ризашылықпен тарасты.

Бақыт ИМАШЕВ